Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әңгіме барысында екі ел басшысы қазақ-өзбек қарым-қатынасының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
Президенттер биыл сәуір айында Бұхарада өткен кездесуде қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары талқыланды.
Тараптар президент әкімшіліктері, үкіметтер мен салалық ведомстволар арасындағы белсенді байланыстардың маңызын атап өтіп, бірлескен бастамаларды ілгерілету үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы екіжақты іс-шаралардың кестесін қарастырды.