Freedom Inside '26

Бұтақ шатқалында құрылыс басталды: Алматыда туристік аймаққа газ бен кәріз тартылады

Бұтақ шатқалында құрылыс басталды: Алматыда туристік аймаққа газ бен кәріз тартылады
gov.kz

Алматыдағы Бұтақ шатқалында инженерлік желілерді салу жұмыстары басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда. Ол туристік инфрақұрылымды дамыту, тау бөктеріндегі демалыс орындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында орта қысымды газ құбыры мен кәріз желілерін тартуды көздейді.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 2,7 шақырым болатын газ құбыры салынады. Оның бір бөлігі болат құбырлар арқылы жер үстімен, ал қалған бөлігі заманауи полиэтилен құбырларын пайдалана отырып жер астымен жүргізіледі.

Сонымен қатар су бұру желілерінің құрылысы қатар атқарылып жатыр. Қазірдің өзінде мердігер ұйым құбырлардың алғашқы бөліктерін орнатып, темірбетон құдықтарды салған.

Қала әкімдігі инфрақұрылым нысандарын салу кезінде сенімділікке, экологиялық қауіпсіздікке және тұрақтылыққа басымдық беріліп отырғанын мәлімдеді. Барлық жұмыс жобалық құжаттамаға және құрылыс нормаларына сәйкес жүргізілуде.

Құрылыс кезеңінде кейбір учаскелерде арнайы техниканың қозғалысына байланысты уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Жоба 2026 жылдың қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.