Freedom Inside '26

«Жолаушылар жылап, дұға оқыды»: SCAT ұшағы Таразға шұғыл қонды

«Жолаушылар жылап, дұға оқыды»: SCAT ұшағы Таразға шұғыл қонды
TurnaTech

Алматыдан Шымкентке бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы қолайсыз ауа райына байланысты Тараздағы қосалқы әуежайға қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде жолаушы Арай Төлегеннің айтуынша, ұшақ Шымкентке қонар алдында шамамен 15 минут бойы қатты турбулентті аймаққа тап болған. Сол сәтте найзағай ойнап, ұшақ қатты шайқалған.

«Қатты найзағай басталды. Өте күшті турбуленттілік салдарынан ұшақ қауіпсіз қона алмай, қатты шайқала бастады. Көптеген жолаушылар қорқып кетті. Кейбірі жылап, дұға оқып, Алладан медет сұрады. Бір сәтте бәрі қайғылы аяқталатындай көрінді», – дейді жолаушы.

Оның сөзінше, ұшақтың Шымкентке емес, Таразға бағыт алғаны туралы жолаушыларға алдын ала хабарланбаған. Адамдар бағыттың өзгергенін тек түнгі сағат екі шамасында қонғаннан кейін ғана білген.

Оқиғадан кейін жолаушылардың бір бөлігі қайтадан сол ұшаққа мінуден бас тартқан. Ал шамамен сағат 03:00-де Шымкентке қайта ұшу жарияланған.

SCAT әуе компаниясы жағдайды растап, экипаждың Шымкенттегі ауа райының күрт нашарлауына байланысты қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.