Ерекше жандарға — еркін орта: Алматыдағы әлеуметтік интеграция орталығы қалай жұмыс істейді?

Ақтоты Жапатова 18 шіл. 2025 11:28

Алматы қаласында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған шығармашылық бағыттағы ерекше бір кеңістік жұмыс істейді. Бұл — 2023 жылдың наурыз айында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен пилоттық режимде ашылған әлеуметтік интеграция орталығы. Жобаның басты мақсаты — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзін-өзі танытуға, қоғамға араласуға мүмкіндік беру. Орталықта көрсетілетін қызметтер жайлы толығырақ білу үшін Dalanews.kz тілшісі Әлеуметтік интеграция орталығының жетекшісі Бекенова Жаннамен сұхбаттасты. 

Шығармашылық — еркіндік тілі

Орталықтың жетекшісі Жанна Бекенованың айтуынша, мұнда 10 жастан бастап зейнет жасына дейінгі жандар қабылданады. Орталықтың бағыты шығармашылыққа негізделген: вокал, хореография, актерлік шеберлік, фото және видео-операторлық сабақтар, домбыра, әдебиет пен блог жүргізу, IT, шахмат, тоғызқұмалақ, робототехника — мұның бәрі тегін. Сонымен қатар, орталықта кәсіби психолог жұмыс істейді. Ол орталыққа келушілермен жеке де, топтық та жұмыстар жүргізеді.

«Бізге келген әрбір жанның дарынын ашуға көмектесуге тырысамыз. Ән айтқысы келетін, бірақ ұялатындар, камерадан қорқатындар, көптің алдында сөйлеуден қымсынатындар — осының бәрі бізде еркін ортада ашыла бастайды», — дейді Жанна Нурабаевна.

Бүгінде орталыққа күніне шамамен 60 адам келеді. Ашылғаннан бері 126 адам тіркеліп үлгерген. Олардың ішінде мүгедектіктің 1, 2, 3-топтарындағы жандар бар. Сабақтар таңертеңгі 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін өтеді. Мүгедек арбасымен келетін жандар инватакси көмегін пайдаланады. 

«Бастапқыда ұялшақ болған Дауна синдромы бар баламыз қазір жаңадан келгендерді өзі қарсы алып, орталықты таныстырып жүреді. Жалпы сабақтардан соң балалар ойын жақсы жеткізіп үйренеді. Мерекелерде концерттер ұйымдастырып тұрамыз. Қолөнер сабағы бар. Кейде ата-аналар өздерімен бірге керек-жарақтарын алып келіп, балалармен бірге сабаққа кіріп, бірге жасайды», — дейді орталық жетекшісі. 

Ата-аналар не дейді?

Назира Абдрахманова 23 жастағы қызын биге, вокалға, енді фотостудия сабағына әкеліп жүр.

«Бұл жерге өткен жылдан бері келеміз. Орталық жайлы осы жерге келетін бір баладан естідім. Алыста тұрамыз. Сондықтан қыста келу қиындау, бірақ күн жылынғанда сабақтардан қалмауға тырысамыз. Ең бастысы, баламның көңіл-күйі өзгерді, дос тапты. Биді өте жақсы көреді. Қазір фотостудия деген сабаққа келіп бастадық. Балама сол сабақ қатты ұнап қалды, апайы да баланың икемі бар екенін айтты. Суреттерді өңдеп бастап кетті», — дейді ол.

Сәуле Далабаева 15 жастағы қызы - Ботаны биге, әдебиетке әкеледі.

«Біз - бұл орталық ашылған кезде ең бірінші болып келген жандардың біріміз. Қызым әсіресе биге жақын. Әдебиетті ерекше ұнатады. Біз басқа да орталықтарға барамыз. Сондықтан уақыт тапшы, алайда сабақтарды қалдырмауға тырысамыз. Себебі қызыма бұл орталық ерекше ұнайды. Мұғалімдер жас мамандар, сондықтан да шығар, балалармызбен тез тіл табысып кетеді. Қызым "барғым келеді, үйренгім келеді" деп өзі сұранып тұрады», — дейді ол.

Ал аутизм диагнозы бар қызын әкелетін Сәуле Ордабаева «блог жүргізу мен фотостудия сабағының" маңызын ерекше атап өтті.

"Қызымның келіп жүргеніне бір жарым жылдай болды. Қызымнан көп өзгеріс байқап жатырмын. Блог жүргізуді үйрететін сабаққа қатысамыз. Қазір қызым блог жүргізеді. Мұғалімдер өте жақсы. Ерекше орталық, алғысым шексіз", - дейді Сәуле Ордабаева.

Мұғалім таңдау – жауапты іс

Орталықта маман таңдауға ерекше мән береді.

"Біз орталыққа мұғалім алған кезде оның балалармен қарым-қатынас құра алу қабілетіне ерекше мән береміз. Себебі ең маңыздысы - баламен жақсы қарым-қатынас құра білу. Баланың осы жерге келгісі келуі мұғалімге тікелей байланысты", - дейді Бекенова Жанна.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген еді. Бұл орталық — сол сөздің нақты жүзеге асуы. Қазір балалармен бірге театрға, мұражайға, табиғат аясына серуендер жиі ұйымдастырылады. Ең бастысы – олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезіне бастайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар