Әскерде жүрген кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бүгін Ербаян Стамбулдан оралғаннан кейінгі сауықтыру жұмыстарының басталғанына тура 4,5 ай толды. Баяу болса да, тұрақты түрде алға ілгерілеуді байқап отырмын”, – дейді массажист Ұлпан Советбекова.
Оның айтуынша, Ербаян қазіргі уақытта арқасын тік ұстап, аяғында тұра алады, мойын қозғалысын бақылайды. Сонымен қатар сол жақ қол-аяғында реакциялар пайда болып, салмақ қосқан. Ең бастысы – ауыз қуысымен толыққанды жұмыс істей алатын жағдайға жеткен.
“Бұл бастың ауыр операциясынан кейін небәрі 7,5 ай ішінде қол жеткізілген өте жақсы нәтиже”, – деп атап өтті Советбекова.
Маманның айтуынша, мұндай жағдайдағы оңалту процесі баяу жүргенімен, тұрақтылығы ерекше маңызды. Ербаянды алда сауықтырудың екінші кезеңі – Стамбулға қайта сапар күтіп тұр.
“Мен алғашқы күннен бері сенемін: толық қалпына келуге аз ғана қалды”, – деді массажист.
Ұлпан Советбекова барша жұрттан Ербаянның сауығуы үшін дұға тілеп, қолдау көрсетуді сұрады.
“Ол бәрін сезіп, бәрін түсініп отыр. Сіздердің қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды”, – дейді ол.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар 2024 жылы желтоқсанда ауруханаға түсті. Ұлттық ұланның әскери бөліміндегілер ата-анасына оның әжетханада құлап, басын соққанын айтқан. Алайда олар бұл нұсқаға сенбей, Ербаян соққыға жығылғанын дәлелдеуге тырысты.
Қазақстандықтар жас сарбаздың еміне 230 миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Қазір Ербаян Мұхтар Астанада, ол Түркияда емнің алғашқы кезеңін аяқтады.
Жуырда бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев тергеу қалай жүріп жатқанын айтты. Прокуратура өкілі нақты күдіктілер жоқ екенін де жеткізді.