Енді Қазақстанда баламасы бар шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына субсидия берілмейді

Dalanews 19 мам. 2024 10:36 5078

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп,  Қазақстанда баламасы шығарылатын шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына субсидия беруден бас тартуды көздейтін құжат қабылдады. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта елімізде қуаты мен модификациясы әр түрлі трактор, астық пен жем-шөп жинайтын комбайнның 15-тен астам брендін шығаратын 8 зауыт жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндірушілер 113,5 млрд теңгеге 5 418 трактор, 99,1 млрд теңгеге 1 032 комбайн шығарған.

Бұған дейін импорттық және отандық техникаға берілетін субсидиялар көлеміндегі айырмашылық шетелдік өндірушілерге көбірек болып келді. Айталық, 70,2 млрд өтемақы көлемінің 28,3 млрд-ы (40,4%) — жергілікті кәсіпорындарға, 41,9 млрд-ы (59,6%) импортқа бағытталды. Соған байланысты қазақстандық зауыттардың өнімдері азырақ алынатын.  Енді жаңа тәсіл бойынша шетелдік өндірушілерді субсидиялау үлесі шашамен 6 есеге – 6,5 млрд-қа (9,3%) дейін төмендетіледі. Осылайша отандық өндірушілер үлесін 63,7 млрд-қа (90,7%) дейін жеткізу жоспарланып отыр.

2021 жылы «СТ ЭСЭМБЛИ» кәсіпорнында TUCANO 450 және TUCANO 580 комбайндары құрастырыла бастаған кезде Claas-пен арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. 2 жылдан кейін жергілікті өндірушілердің компоненттерін «Агромаш Холдинг» АҚ, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «ШығысМаш Завод» АҚ, «Reimann» ЖШС жеткізе бастады. Кәсіпорында 2023 жылы өздігінен жүретін техникадан 246 бірлік және 158 тіркеме техника құрастырылды. Биыл тракторлар қатары жаңартылып, кеңейтілді. Зауыт іске қосылған сәттен бастап өндіріспен қамтамасыз етілген жұмыс орындары саны 2 есеге артты – қазіргі таңда кәсіпорында 73 қызметкер жұмыс істейді.

Қазақстанда өндірісі жолға қойылмаған позицияларға, атап айтқанда қант қызылшасын, мақта өндіруге, картоп, жеміс-көкөніс т.б. жинауға мамандандырылған техникаларға бұл жаңа тетіктің қатысы жоқ. Бұл жағдайда өндіріс еліне қарамастан 25% деңгейінде субсидиялау нормативі қарастырылған.

Жалпы қазақстандық ауыл шаруашылығы машинасын жасайтын кәсіпорындары қазіргі таңда өздігінен жүретін техника нарықтың шамамен 80%-ын қамтиды. Бұл ретте елімізде шаруалардың шамамен 90%-ын шағын және орта фермерлер құрайды, олар үшін жеңілдікті лизингтік құралдар мен қолжетімді техника машина-трактор паркін жаңартуға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар