“Енді жағдайға басқа қырынан қарайды”. Саясаттанушы Смадияровтың жаңа қызметіне баға берді

Қаракөз Амантай 15 жел. 2025 17:22

12 желтоқсанда Айбек Смадияровтың Сыртқы істер министрлігіндегі қызметінен кетуі қоғамда түрлі пікір тудырған еді. Бірқатар ақпарат көзі оның мемлекеттік қызметтен біржола кетіп, жеке секторға ауысуы мүмкін екенін жазды. Алайда бұл болжамдар расталмай, араға небәрі үш күн салып ол Президент әкімшілігінің ең ықпалды құрылымдарының бірі - Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Аталған кадрлық шешімге саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева кәсіби әрі саяси тұрғыдан баға берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, Смадияровтың сыртқы саясаттағы көпжылдық тәжірибесі оның ішкі саясаттағы қызметіне де оң әсер етуі мүмкін.  Әсіресе 2022 жылдан бері Сыртқы істер министрлігінің ресми ұстанымын түсіндіру барысында оның кәсібилігі, салқынқандылығы және нақты позициясы айқын көріне бастады, дейді.

“Сыртқы саясат Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ғана ерекше маңызға ие болды. Осы кезеңнен бастап оның ішкі саясатқа тікелей әсер еткені байқалды. 2022 жылдан бергі уақытты негізге алсақ, Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы анық, нақты әрі дипломатиялық стильде жеткізілді. Бұл тұрғыда Айбек Смадияров өзін кәсіби кадр ретінде көрсете алды”, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушы оның эмоцияға берілмейтін, ұстамды стилін де жоғары бағалады. Оның пікірінше, лауазымды саясаткер үшін салқынқанды болу  айтарлықтай артықшылық береді.

“Кәсібилік тұрғысынан оған сын айту қиын. Жалпы, саясаткер үшін эмоциясын бақылауда ұстай білу маңызды. Биліктің жоғары сатысындағы тұлғалар барынша салқынқанды, ұстамды болуы тиіс. Саясаттағы шамадан тыс эмоция, керісінше, кері әсерін тигізеді. Әрине, кей жағдайда алдын ала ойластырылған сценарий аясында эмоция әдейі көрсетілуі мүмкін, бұл - стратегияның бір бөлігі. Алайда тұтастай алғанда, "эмоцияны басқара алу" саясаткердің ең мықты қырларының бірі деп айтар едім”, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, ішкі саясатта қысым мен эмоцияға жетелейтін жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай сәттерде шешімді сезімге берілмей, ақылмен қабылдау аса маңызды.

“Сондықтан оның эмоциясын тізгіндеу қабілеті болашақта саяси мансабы үшін жақсы мүмкіндік ашуы әбден мүмкін”, - дейді ол.

Сарапшы Смадияровтың ішкі саясатқа ауысуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бұрыннан қалыптасқан кәсіби сенімімен байланыстырады. Оның пікірінше, мемлекет басшысына ішкі саясатта тәжірибелі, сенімді әрі жүйелі ойлайтын кадр қажет.

“Тоқаев оны мәртебесіне сай келетін, ең қолайлы лауазымға орналастырды деп ойлаймын. Президенттің мұндай тәжірибелі маманды өзінен алыс жібермеуі түсінікті. Әкімшілік құрылымда ішкі саясат бағыты кадрлық қажеттіліктен туындаған болуы мүмкін. Енді ол ішкі саясат бөліміне жетекшілік етеді. Тиісінше, ел ішінде не болып жатқанынан толық хабардар болады әрі белгілі бір деңгейде ықпал ете алады”, - деп қосты ол.

Айтуынша, сыртқы және ішкі саясат өзара тығыз байланысты ұғымдар.

“Сыртқы саясат әрдайым ішкі саясаттың жалғасы. Сондықтан бұл салада жұмыс істеген адам ішкі процестерді де жақсы түсінеді. Меніңше, бұл оның өзі үшін жаңа тәжірибе, жаңа жұмыс бағыты. Енді ол жағдайға басқа қырынан қарайтын болады. Бұл өзгеріс ең алдымен Тоқаевпен қалыптасқан кәсіби сенімнің нәтижесі”, - деді ол.

Сарапшының пайымынша, алдағы уақытта Смадияровқа сыртқы және ішкі саясатты үйлестіру міндеті жүктелуі мүмкін.

“Оның негізгі миссиясы да осыған байланысты болуы ықтимал”, - дейді Үмбетәлиева.

Сонымен қатар саясаттанушы Айбек Смадияровтың медиамен жұмыс істеу тәжірибесіне де назар аударды. Айтуынша, ол Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі сенімді байланыс орната алған.

“Балаева ханымның кезеңінде мемлекет пен БАҚ арасындағы қарым-қатынас күрделене түсті. Ал Смадияров, керісінше, медиамен тиімді диалог орната білді. Әлеуметтік желілердегі белсенділігіне қарағанда, журналистермен сенімді әрі ашық қарым-қатынас қалыптастырған”, - дейді сарапшы.

Саясаттанушының айтуынша, бұл факторлар оның ішкі саясаттағы рөлін күшейтіп, алдағы уақытта ықпалды тұлғалардың біріне айналуына негіз бола алады.

“Оның нақты жұмыс стилін уақыт көрсетеді. Дегенмен қазіргі пайымым бойынша, ол кәсібилікке, құзыреттілікке және нақты міндеттерді орындауға басымдық беретін шенеунік”, – деп түйіндеді Толғанай Үмбетәлиева.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар