Қазақстан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына жасалған соңғы шабуылдан кейінгі шығын көлемін бағалап жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, бұған дейін Энергетика министрлігі азаматтық және аса маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауға жол берілмейтіні жөнінде ресми мәлімдеме жасаған.
"Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатыны ешкімге құпия емес. Бұл консорциум халықаралық заңнамаға сәйкес құрылған. Оның акционерлерінің басым бөлігі - Еуропа, АҚШ және Қазақстан компаниялары. Тек аз ғана үлесі ресейлік компанияға тиесілі", - деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ министр бір шеткі айлақ құрылғысына (ШАҚ) келтірілген зақымның сипаты мен қалпына келтіру жұмыстарының барысына тоқталды.
"Нысанда шамамен 2,5 на 3 метр көлемінде үлкен тесік пайда болған. Бұл бағытталған жарылыс салдарынан орын алған. Қазіргі таңда сүңгуірлер осы ШАҚ-тың жүзу қабілетін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі кезеңде құрылғының ішіне кіріп, технологиялық жабдықтардың зақымдану деңгейін бағалау қажет болады. Егер жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болса, ШАҚ-2 де қайтадан пайдалануға беріледі", - деді министр.
Оның айтуынша, қатар жүргізіліп жатқан тағы бір бағыт - жаңа жабдықты ауыстыру жұмыстары.
"Қалпына келтіру жұмыстарына қарамастан, Энергетика министрлігі мен ұлттық мұнай-газ компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген екі жаңа шеткі айлақ құрылғысын жеткізу бойынша барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Бастапқыда жеткізу сәуір айына жоспарланған еді, алайда қазір логистика қайта пысықталып, оларды қаңтар айында жеткізу көзделіп отыр", - деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.
Экономикалық салдарға тоқталған министр шығынды бағалау процесі жүріп жатқанын, алайда бұл мәселеге қатысты түсініктеме беру өзге ведомстволардың құзыретінде екенін айтты.
"Шығын көлемін бағалау мәселесі премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министріне жолданды. Қазір тиісті есеп жүргізіліп жатыр. Алдағы жағдайға байланысты пікірді, менің ойымша, Сыртқы істер министрлігі білдіреді. Энергетика министрлігі тарапынан саяси мәлімдеме жасалмайды, себебі біз - энергетика саласындағы саясатты іске асыратын органбыз", - деп түйіндеді ол.
