Танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызы елде 100 адамнан артық қонақ шақырып, той өткізуге заң жүзінде шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында Шымкентте жаңадан ашылған үлкен тойхананың суретін жариялап, қоғамдағы дарақылық пен ысырапшылдықты сынға алды. Кейбір желі қолданушылары бұл нысан Ташкентте орналасқанын да алға тартты.
"Бұ қазаққа 100 адамнан артыққа той жасауға заң жүзінде тыйым салмай, даму жоқ. Надандық қорасына осы кіргені кірген. Несие балшығына осы батқаны батқан. Дарақылық боғына осы сүңгігені сүңгіген", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл пікір желі қолданушылары арасында қызу талқы тудырды. Көпшілік журналистің пікірін қолдап, той мәдениетін қайта қарау қажет екенін айтты:
"Тыйым не шектеу болмай тоқтайтын түріміз жоқ", "Дарақы,ысырапшыл, мақтаншақ халық болдық қой", "Дұрыс! Сондай заң өзбектерде бар деп естігенмін. Қазақстанға да керек", "Тойхана сала бермей, зауыт-фабрика салу керек", "Тойларды бұрынғыша үйде жасау керек".
