Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты еркін күрестен қазақстандық танымал балуан, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, биыл қыркүйек айында спортшы мас күйінде Ұлттық ұлан патрулінің қызметкерлерін балағаттап, оларға күш қолданған. Бұған дейін тәртіп сақшылары оны көшеде түскен шағым негізінде тоқтатқан.
Дәулет Шабанбайға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы – «Екі немесе одан да көп адамға қатысты билік өкіліне күш қолдану» бойынша айып тағылған.
Сот балуанды кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, биыл тамыз айында Дәулет Шабанбай 42 жасқа толған. Ол – Азия чемпионатының төрт дүркін қола және күміс жүлдегері. 2022 жылы қарсыластарының екеуі допингке байланысты жарыстан шеттетілгеннен кейін, 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының қола медалі ресми түрде табысталған.
