Алматыда отшашу ататындар мен оны сататындарға бақылау күшейді

Сағыныш Сардарова 15 жел. 2025 16:09

Алматыда Жаңа жыл қарсаңында пиротехниканы пайдаланатындарға бақылау күшейді. Жыл сайын мереке күндері қалада орта есеппен 13 өрт тіркеледі, оның шамамен 15%-ы салют пен петардадан шығады екен. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Руслан Қасенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, кейінгі бес жылда Алматыда Жаңа жылда 68 өрт тіркелсе, соның 10-ы пиротехниканы қолданған кезде болған.

"2025 жылғы 5 желтоқсаннан 2026 жылғы 3 қаңтарға дейін рұқсатсыз сауда мен қауіпті өнімдерді анықтау мақсатында пиротехникалық өнімдерді сақтап, сататын орындарға рейд жүргізіле бастады. Қазірдің өзінде Жетісу мен Медеу ауданында осындай рейдтер өтті", – деді Руслан Қасенов.

Қала тұрғындары мен қонақтарына пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алып, қаптамасының бүтіндігі мен жарамдылық мерзіміне назар аудару қажет екені ескертілді.

Бүгінде полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер өткізілген, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 10 әкімшілік хаттама толтырылған. Заңсыз сатылған пиротехникалық өнімдер тәркіленіп, оның бір бөлігі белгіленген тәртіппен мөрленген.

Құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтау Жаңа жылды оқыс оқиғасыз қарсы алуға мүмкіндік беретінін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар