Еуроодақ соғысты қолдаған америкалық азаматқа санкция салды

Көркем Алдабергенова 15 жел. 2025 17:09

Еуроодақ алғаш рет АҚШ азаматына қарсы санкция салды. Санкция тізіміне әлеуметтік желілерде Ресейдің ұстанымын қолдағаны үшін америкалық Джон Марк Дуган енгізілген. Сонымен қатар, шектеу шаралары украиналық журналист Диана Панченкоға да қатысты қолданылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Джон Марк Дуган кім?

Джон Марк Дуган бұрын АҚШ полициясының офицері және АҚШ теңіз жаяу әскерінің әскери қызметкері болған. 2016 жылы Ресейден саяси баспана сұрап, кейіннен Ресей азаматтығын алған. Ол II дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапатталған. Қазіргі уақытта Украинадағы жоғары билік өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты репортаждар әзірлейді.

Диана Панченкоға қатысты санкциялар

Диана Панченко – украиналық ток-шоулардың бұрынғы жүргізушісі. 2023 жылдың тамызында Беларусь президенті Александр Лукашенкомен резонанс тудырған сұхбат жүргізген. 2022 жылы Украинаны тастап шыққан, қазір Дубай қаласында тұрады. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңсесін ашық түрде сынап келеді.

Санкция тізіміндегі өзге тұлғалар мен ұйымдар

Еуроодақтың жаңартылған санкциялық тізіміне сондай-ақ:

МГИМО халықаралық қатынастар факультетінің деканы Андрей Сушенцов;

«Валдай» клубының бірқатар мүшелері;

Халықаралық русофилдер қозғалысы;

Ресей Қарулы күштерінің радиоэлектрондық күреске маманданған 142-батальоны;

Вьетнам мен Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген бірнеше компания енгізілген.

Еуроодақ бұл шешімді санкциялық саясатты кеңейту аясында қабылдағанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар