Атамекеннің тағдыры жаңа жылдан кейін шешіледі

Көркем Алдабергенова 15 жел. 2025 14:53

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының болашағы бойынша жабық есік жағдайындағы консультациялар қаңтар-ақпан айларында өтуі тиіс. DALA INSIDE дереккөзінің айтуынша, палатаның жұмысы, жарна бойынша, шығын бойынша жағдайын толық реформалау бойынша ұсыныстар көбейген. Тіпті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын жауып, рұқсат беруші функцияларын профильді министрлік комитетіне беру туралы радикалды идея да талқыға салынады. Мемлекет өзіне бұл функцияларды алғысы келе ме, басты сұрақ осында.

«Қазір "Атамекен" палатасы мемлекетке де, өзінің басты клиенті – бизнеске де ұнамай барады. Ешкім жақтырмайтын, еш жерге симайтын изгой ұйымға айналып кеткен. Бизнестің мүддесін қорғау бойынша бастамалары әлсіз. Ал Үкімет үшін оңай илейтін жұмсақ қамыр сияқты. Өзіне ақша төлейтін ірі бизнеске ғана қызмет еткісі келеді. Оны жасыратын ештеңе жоқ, барлығы көріп отыр. Қазіргі басшысы да саяси аренадағы ықпалы, кәсіби ұйымдастыру жұмысы жағынан әлсіз. Осылардың барлығы жан-жақтан қордаланып, палатаның мүлде абыройсыз ұйымға айналуына алып келді», - дейді, дереккөз. 

Палата өзі құрылған уақытта қажет болды, актуалды болды. Бірақ қазір өз миссиясын түгескен сияқты. Енді «Атамекен» өзінің басты функциясын орындауды тоқтатып, бизнестің дамуына кедергі келтіретін құрылымға айналып барады. Яғни қазіргі таңда бұл ұйымнан кәсіпкерлерге нақты пайда жоқ, керісінше ол бизнес үшін артық бюрократиялық тосқауыл деңгейіне жетті. Енді кәсіпкерлердің барлығы палатаның өздерінің құқықтары мен мүддесін қорғау ісін ойдағыдай атқара алмағанын айтып жүр. «Атамекен» көбіне алып компаниялардың сөзін сөйлеуге бейім де, шағын және орта бизнестің мәселелеріне тиісті деңгейде араша түспейді. Соңғы қабылданған Салық кодексіндегі шағын және орта бизнеске ауыр тиетін өзгерістер кезінде «Атамекеннің» дауысы мүлде шыққан жоқ. Тіпті палатаны ешкім тыңдамайтын сияқты.

Оған қарамастан, «Атамекен» палатасы бизнес өкілдерінен жыл сайын мүшелік жарналар жинайды. Жаңа жылдан кейін жағдай қиындайтындықтан, енді мүшелік жарналарды төлеу бизнес үшін қосымша қаржылық болмақ. Қазіргі инфляция, салықтардың өсуі жағдайында бұл «жығылғанға жұдырық» болып отыр. Палата кейбір міндетті қызметтерін, мысалы, өндірушілерге берілетін индустриялық сертификатты тек мүшелік жарна төленген жағдайда ғана беретіні бизнесті қосымша қыспаққа алған қисынсыз талаптардың бірі болып отыр. Яғни, кәсіпорын палатаға қарызы болса, тауардың отандық өндіруші екендігі жөніндегі сертификатты ала алмайды.

Ал сонда жиналған ақша бизнесті қорғау ісіне кетіп жатыр ма? Олай деп айта алмаймыз. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы ҰКП жалпы бюджеті 12 миллиард теңгеден асқан, оның 10,7 млрд теңгесін кәсіпкерлерден жиналатын мүшелік жарналар құрады. Бұл қаржының негізгі бөлігі ірі бизнес субъектілерінен түседі. Енді осы жиналған 12 миллиард теңгенің басым бөлігі тікелей бизнеске қызмет көрсетуге емес, палатаның өз шығындарын өтеуге кетеді. Кеңселерді жалға алу, қызметкерлерге айлық төлеу, іссапар сынды шығындары өте көп. Одан бизнеске пайда бар ма?

Не болса да, келесі жылы осы сұрақтардың барлығы күн тәртібіне қойылмақ. «Атамекен» бойынша шешім қабылдаудың уақыты баяғыда келген еді. Тек 2020 жылғы пандемия, одан кейінгі қайта қалпына келу үрдістері бөгет болып қалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар