2026 жылдан бастап үш ай қатарынан мобильді аударымдар арқылы 1 миллион теңгеден көп қаражат қабылдаған азаматтардың табысы салық органдарының бақылауына ілігеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы министрлігінің жаңа бұйрығына дейін салық органдары жасырын кәсіпкерлікті тек аударым саны арқылы анықтайтын: егер азамат ай сайын үш ай бойы 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша алса, ол кәсіпкерлік табыс деп есептелетін.
Енді талаптар қатаяды: аударым саны ғана емес, түскен қаражат көлемі де ескеріледі. Үш ай ішінде мобильді төлемдер сомасы ең төменгі жалақының 12 еселік мөлшерінен асып кетсе, азаматтың табысы кәсіпкерлік ретінде тіркеледі.
2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Демек, үш айда 100-ден астам аударым түсіп, жалпы сома 1,02 млн теңгеден асса, азамат салық төлеуге міндеттеледі.
Бұл талап достар мен туыстардан алынған бір реттік аударымдарға емес, жүйелі табыс табатын адамдарға ғана қатысты болады.
