Қырғызстанның ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиев туыстары араша түскеніне қарамастан, заң бұзған жақындарын жауапкершілікке тартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Region TV арнасына берген сұхбатында ол Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруға келгеннен кейін туған-туыс, дос-жаранмен арадағы қатынас түбегейлі өзгергенін айтты.
Ташиевтің сөзінше, бұл қызметке келген соң көптеген жақын адамдарынан қол үзген. Қазіргі уақытта оның бір құдағиы – яғни бауырларының қайын жұрты жағынан туысы – 2020–2023 жылдары жасаған қылмыстары үшін ҰҚМК-ның тергеу изоляторында отыр. Оны босату үшін туған ағасы, құдасы және өзге де туыстары бірнеше рет араша түспек болған. Алайда Ташиев мұндай ықпалға жол бермегенін атап өтті.
«Заң бәріне ортақ, қандай талап қойса, соны орындау қажет. Сол себепті ол әлі де қамауда отыр», – деді ол.
Сондай-ақ төраға ағасының ұлы жол полициясы қызметкерлерін балағаттағанын айтып, бұл іс те назардан тыс қалмағанын жеткізді.
«Егер мұндай әрекеттерге көз жұмсақ, ертең біреу прокурорды, тағы бірі әкімді қорлауы мүмкін. Онда елде тәртіп емес, бейберекет орнайды. Сол үшін ағамның баласын да жауапқа тартуға тура келді. Осыған байланысты көптеген жақындарым ренжіді. Бірақ мен үшін мемлекеттегі тәртіп бәрінен жоғары», – деп түйіндеді Камчыбек Ташиев.
