Сырымбек Тау: Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі ісіне байланысты

Сырымбек Тау: Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі ісіне байланысты
instagram.com/syrymbek_tau

Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдің келешегіне сеніммен қарау қажеттігін айтып, Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі әрекетіне байланысты екенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кәсіпкердің айтуынша, Мемлекет басшысының ұстаздармен кездесуде айтқан болашаққа қатысты пікірі қоғам үшін маңызды бағдар болуы тиіс. Ол қазақстандықтарды елдің келешегін бұлыңғыр елестетпей, ортақ жауапкершілікті сезінуге шақырды.

«Бүгін Президентіміздің ұстаздарды қабылдаған кезде айтқан сөзін оқыдым. Мемлекет басшысы болашақты бұлыңғыр етіп елестетпеуге үндеді. Меніңше, біз де Қазақстанның келешегін бұлыңғыр ойламауымыз керек. Егер өркениетті, бүгінгіден де жақсы Қазақстанды көргіміз келсе, әрқайсымыз елге пайдамызды тигізуіміз қажет», – деді Сырымбек Тау.

Оның пікірінше, алдағы онжылдықтарда елдің қандай деңгейге жететіні бүгінгі ұрпақтың еңбегі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.

«2030, 2035, 2040 немесе 2070-2080 жылдары біздің ұрпағымыз жақсы Қазақстанда өмір сүрсін десек, оған бүгіннен бастап әрбіріміз үлес қосуымыз керек», – деді кәсіпкер.

Сырымбек Тау қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі әр азаматтың өз ісіне адал қарап, ел игілігі үшін еңбек етуінен басталатынын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанның жарқын болашағы туралы ойлау ғана емес, оны нақты істер арқылы қалыптастыру маңызды.