“Бойымызды қорқыныш пен үрей биледі”. Желтоқсаншылар көзбен көрген естеліктерін бөлісті

Қаракөз Амантай 15 жел. 2025 13:33

Биыл Желтоқсан оқиғасына 39 жыл толды. 1986 жылы батылдық танытып, алаңға шыққан өрімдей қыз-жігіттердің жанкештілігі елдің тәуелсіздік алу жолында шешуші рөл атқарды. Осы тұста Dalanews.kz редакциясы солардың бірқатарынан сұхбат алуды жөн көрді. Желтоқсаншы Эльмира Мақсұтова, Шолпан Берікова және Гүлмира Надырова сол күнгі оқиғаның қалай өрбігенін және олардың жеке тағдырларына қалай әсер еткені туралы баяндады.

Желтоқсаншы Эльмира Мақсұтованың естелігі

Алматы облысы Райымбек ауданының тумасы Эльмира Мақсұтова 1985 жылы Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетіне оқуға түседі. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы басталған сәтте оның жасы небәрі 18-де  болған.

“Алаңға баруымызға алдын ала жоспар немесе себеп болды деп айта алмаймын. Сабақтан шығып, жатақханаға бара жатқанбыз. Алдымыздан Киров зауытының жас жұмысшылары, бір топ қазақ жастары алаңға бет алып бара жатты. Олар “Қазақ еліне қазақ басшы керек! Өз жеріміз, өз еліміз үшін барамыз!” деп ұрандатып келе жатты. Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алып, орнына Колбиннің тағайындалуы жастардың намысына тиген еді. Осылайша біз де сол топқа қосылып, алаңға бірге бардық”, - дейді желтоқсаншы.

Оның сөзінше, алаңда бастапқыда арандату болмаған. Жастар ешқандай бүлік шығармаған, керісінше бейбіт түрде ән айтып тұрған.

“Біз “Қазақстаным”, “Атамекен” әндерін шырқадық. Біраз уақыттан кейін трибунаға сол кездегі билік өкілдері шығып, “тараңдар, қайтыңдар, арандап қаласыңдар” деп жастарды тарқатуға тырысты. Алайда оны ешкім тыңдамады. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев та шығып, жастарды сабырға шақырып, үйлеріне қайтуға үндеді. Мұхтар Шаханов бастаған зиялы қауым да сақтыққа шақырды. Бірақ бұл сөздер жастарды тоқтата алмады”, — деп қосты ол.


Көп ұзамай бейбіт шерудің соңы қақтығысқа ұласқан. Сол сәтте алаңды кеңес әскерлері қоршай бастаған. Қолдарында дубинка, бастарында каска, мұздай қаруланған солдаттар жастарға күш қолданған. Мақсұтованың сөзінше, жастардың қолында ешқандай қару болмаған. Қарсыласу басталғанда, кейбірі айналадағы мәрмәр тастарды сындырып, ағаштарды жұлып алып қорғануға мәжбүр болған.

“Осы сәтте кері қайтуға тура келді. Қазақтың жігіттері қыздарды қорғап, “қашыңдар, аман қалыңдар” деп көмек көрсетті. Бір дуалға тірелгенімізде, жігіттер бізді көтеріп, дуалдан асырып, аман-есен шығарып жіберді. Біз бір топ қыз едік, бір-бірімізден адасып қалдық. Қасымда Гүлзат есімді құрбым болды, өкінішке қарай, ол кейін марқұм болды”, - деп кінжілді ол.

Сөйтіп жатақханаға оралған бір топ студент алаңда қалған достарына алаңдап қайта баруға мәжбүр болған.

“Түн қараңғы, күн суық. Сол күні біз қан тапсырғанбыз. Әйтеуір жан сауғалап, жатақханаға жеттік. Жатақхананы деканат, кураторлар мен жасақтар қоршап алған екен. “Ешқайда шықпайсыңдар” деп, түні бойы бақылауда ұстады. Бірақ алаңда қалған қыздарды уайымдап, түн ортасында терезеден шығып, қайтадан алаңға бардық.

Көрген көрінісіміз сұмдық еді: өртенген автобустар, милиция көліктері, қираған ғимараттар. Біз санағанымызда, кем дегенде 13–14 көлік өртеніп жатты. Ол жерден де қуып шықты. Қайда қашқанымызды білмейміз, әйтеуір бір такси ұстап, жүргізушінің өзі де қорқып, “балалар, арандап қаласыңдар” деп, бізді жатақхана маңынан түсіріп кетті”, — дейді ол.

Желтоқсаншы көрген көріністі әлі күнге дейін ұмыта алмайтынын айтады.

“Сол күндерді еске алу өте ауыр. Көзбен көрген зорлық-зомбылық, шашынан сүйрелген қыздар, төгілген қан – бәрі жадымызда. Сол оқиғаны көзімен көрген адамдардың денсаулығы бүгінде жақсы емес. Жыл сайын желтоқсан жақындағанда жүрегімізді үрей мен қорқыныш билейді. Кейде өзіміздің аман қалғанымызға таңғаламыз”, — деп қосты ол.

Кейін студенттерге қысым күшейген. Олар жатақханаға барған сәтте “ештеңе көрген жоқсыңдар, ешқайда барған жоқсыңдар” деп қатаң ескерту жасалған. Ал ертеңінде сұрақ-жауап, тексеру басталған.

“Оқуымыз да сол жерде үзіліп қалды. Желтоқсан оқиғасы менің тағдырыма қатты әсер етті: үрей, қорқыныш пайда болды. Ақыры ауылға кетіп, тұрмыс құрдым. Ұзақ жылдар бойы бұл тақырып жабық күйінде қалды”, - деді ол.

Мақсұтова тәуелсіздік алғаннан кейін де желтоқсаншылардың мәселесі толық шешілмегенін айтады.

“Мен Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың арманы толық орындалды деп айта алмаймын. Тәуелсіздік алдық, бірақ бәрі бірдей әділ бағаланды, толық мойындалды деу қиын. 2013 жылдан бастап “Желтоқсан ақиқаты” қоғамдық бірлестігінің мүшесімін. Ал 2022 жылы архивтен анықтамалар жинап, сот арқылы өзімді толық ақтаттым. Бүгінде ақталған желтоқсаншылардың қатарындамын.

Менің ойымша, Желтоқсан оқиғасына қатысты әлі ашылмаған шындық көп. Болашақта бәрі анықталады деп сенемін”, - дейді ол.

Желтоқсаншы бұл тақырыптың насихатталуы әлі де ақсап тұрғанын жеткізді.

“Қазір Желтоқсан оқиғасын дәріптеу жеткіліксіз деп ойлаймын. Иә, жыл сайын әкімдік тарапынан еске алу, марапаттау шаралары өтеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жастардың көбі Қайрат Рысқұлбековтің кім екенін, Желтоқсан оқиғасының мәнін де білмейді. Сондықтан мектептерде патриоттық тәрбие сағаттарын көбейтіп, бұл тақырыпты тереңірек оқыту қажет”, - дейді ол.

Тәуелсіздік жастардың жанкештілігімен келген — желтоқсаншы Шолпан Берікова

Келесі желтоқсаншы Шолпан Сабыржанқызы 1967 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген. 1984 жылы жылы мектепті тәмамдаған соң, 1985 жылға дейін Қырғызстанның Тоқмақ қаласында жіп иіру фабрикасында жұмыс істеген. Сол кезеңде әпкесінің оқуына байланысты бір жыл жоғары оқу орнына түспей, еңбек етуге мәжбүр болғанын айтады. Кейін, 1985 жылы Алматыға келіп, Алматы педагогикалық шет тілдері институтының француз факультетіне оқуға түскен. Өз еңбегімен студент атануы оның өміріндегі маңызды кезең болған.

“1986 жылы біз екінші курста оқып жүрдік. Француз факультетінің 2–3 курс студенттері сол кезде ЖенПИ-дің музыка факультетінің ғимаратында білім алды. Күн сайын Гоголь көшесіндегі сол корпусқа барып, трамваймен жатақханаға қайтатынбыз. №2 жатақханамыз Шевченко мен Шагабутдинов көшелерінің қиылысында орналасқан еді.

16 желтоқсан күні де әдеттегідей сабаққа бардық. Алайда 15 желтоқсанға қараған түні жатақханада мазасыз әңгімелердің шет жағасы шыға бастады. Көрші бөлмедегі қыздар түн ортасында белгісіз ер адамдардың “шығыңдар, алаңға барыңдар” деген дауыстарын естігенін айтты. Біз ол дауысты естімей қалыппыз”, — дейді ол.

Сөйтіп олар 16 желтоқсан күні сабақтан кейін алаңға бет алған қалың топқа ілесіп кеткен. Ол кезде алаңға шыққандардың басым бөлігі 17–19 жастағы жастар болған.

“Мұнда билік өкілдері “тараңдар, күн суық, үйлеріңе қайтыңдар” деп үндеу жасады, бірақ жастар тарамады. Біз Қонаевтың не себепті қызметтен алынғанын, неге оның орнына өз ұлтымыздан басшы қойылмағанын айтып, наразылық білдірдік”, - дейді желтоқсаншы.

Келесі күні студенттерден алаңға барған-бармағаны жөнінде түсініктеме алынған. Шолпан Берікова бұл құжатта олардың Қонаевтың қызметтен алынуына және республикаға сырттан басшы тағайындалуына қарсылық білдіргенін ашық жазғанын айтады.

“Бізден түсініктеме алды. Біз “иә, бардық, саяси наразылық таныттық” деп ашық жаздық. Бұл түсініктемелерді кураторымыз, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Шәбікен Бектұров жинап алды. Кейін ол кісі бізге: “Бұл қағаздар құқық қорғау органдарының қолына түссе, оқудан шығарады. Мен сендердің болашақтарыңды ойладым” деп, түсініктемелерді жойып жібергенін айтты. Сол кісінің жанашырлығының арқасында біздің топтан ешкім оқудан шығарылған жоқ”, - деп қосты ол.

Дегенмен басқа факультеттерде оқудан қуылған студенттер болған. Кейбір қыздар алаңға қайта барып, патрульдің соққысына жығылған. Оларды дубинкамен ұрып, кейбірін қала сыртына апарып тастаған. Кейбір студенттер жатақханаларға қашып кіріп, екінші қабаттан қарға секіріп құтылған.

Желтоқсаншының айтуынша, алаңда трибунаға шығып, жастарды қолдаған азаматтар да болған. Алайда оларды күшпен мінберден алып кеткен. Студенттер Қонаевтың өзі шығып сөйлесін деп талап еткенмен, бұл талап орындалмаған.

“Алаңда болған қақтығыстарда жастардың қаны төгілді, көп адам жарақат алды. Кейбір қыздарды су шашып қуды, кейбірін автобустарға тиеп, қала сыртына апарып тастады”, - деп қосты ол.

Шолпан Берікова француз факультетінің екінші курсындағы студент қыздардың шамамен 95 пайызы алаңға шыққанын айтады.

“Солардың қатарында мен, Надырова Гүлмира, Өсербаева Сәуле, Тоқтағанова Альмира, Әшімбекова Эльмира, Шимаханова Гүлбану, Мақсұтова Эльмира, Оразалиева Жазира, Оспанбаева Бақытгүл, Нүсіпова Әсия, Мырзатаева Ғалия және басқа да курстастарым болды”, - деп еске алды ол.

Желтоқсаншы бүгінгі тәуелсіздік желтоқсаншылардың барлық арманын толық ақтады деп айту қиын екенін айтады. Ол көпшілігі әлі күнге дейін әділ бағасын алмағанын атап өтті.

“Егер сол кезде жастар саяси наразылық білдіріп, алаңға шықпағанда, тәуелсіздік те оңайлықпен келмес еді.

Бүгінгі тәуелсіздік желтоқсаншылардың арманын толық ақтады деп айта алмаймын. Көп желтоқсаншы әлі де лайық бағасын алған жоқ. Желтоқсаншыларды мектептерге, оқу орындарына шақырып, жастарға сол күндердің шындығын айту керек деп ойлаймын”, - деп түйіндеді ол.

Патриоттық сезім қорқыныштан да күшті болды – желтоқсаншы Гүлмира Надырова

Желтоқсан оқиғасына қатысқан желтоқсаншы Гүлмира Надырова да сол күні студент жастардың алаңға қалай шыққанын, наразылықтың қалай басталғанын еске алды. Айтуынша, ол да 1985 жылы Алматы шет тілдері институтының француз тілі факультетіне оқуға түскен. 1986 жылы ол 17 жастағы екінші курс студенті болған.

“16 желтоқсан күні бір-екі сабақ өткеннен кейін, корпусқа дәрігерлер келіп, студенттерден донор ретінде қан алды. Бұл сол кездегі қалыпты тәжірибе еді”, — дейді ол.

Қан тапсырып шыққан соң, студент қыздар сыртқа шығуға әрекеттенген. Алайда вахтер есікті жауып, оларды шығармай қойған. Осы кезде кейбір студент қыздар бірінші қабаттағы терезеден секіруге оқталған. Сол сәтте вахтер амалсыздан есікті ашып, қыздарды сыртқа шығарыпты.

“Алаңда “Менің Қазақстаным” әнін шырқап жатқан жастарға келіп қосылдық. Бәріміз Қазақстанды қазақ басқару керек, Д.Қонаев өзі трибунаға шығып, өз еркімен биліктен кеткенін айтсын деп талап қойдық. Бірақ Қонаевты шығармады. Трибунаға бір әйел шығып, аты-жөні есімде қалмапты, жастарға “тарамаңдар, наразылық білдіріңдер! Д.Қонаев атамыз өзі трибунаға шығып түсіндірсін!”, - деді. Бір кезде ол кісіні трибунадан милициялар алып кетті. Алаңда шу болып кетті. Жастар кетпей қарсылықтарын білдіріп , ұрандарын айтуды жалғастырды”, — дейді ол.

Кеш түсе әскерилер алаңды қоршап, өрт сөндіру машиналары арқылы су шашқан. Суыққа тоңған студенттер жатақханаға қайтуға мәжбүр болған. Кейін жатақхананы милиция қоршап, ешкімді сыртқа шығармаған. Бір айға жуық коменданттық сағат енгізіліп, студенттердің жүріп-тұруына қатаң шектеу қойылған.

Сол кезде 17 жастағы Гүлмира Надырова патриоттық сезімнің қорқыныштан да басым болғанын айтады. Жатақханада күн сайын түрлі жиналыстар мен тәрбиелік шаралар ұйымдастырылған. Белгілі өнер қайраткері Сара Тыныштықұлова келіп, студенттерге концерт қойған.

“Көптеген жас желтоқсан құрбандары мен батырларының есімдерін білмейді. Сондықтан Желтоқсан оқиғасын тарих оқулықтарында тереңірек зерттеп, кеңінен насихаттау қажет”, — деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар