«Мәңгі өшпес ұлы ерлік»: Астанада патриоттық іс-шара өтті

«Мәңгі өшпес ұлы ерлік»: Астанада патриоттық іс-шара өтті
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханасында Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне орай «Мәңгі өшпес ұлы ерлік» тақырыбында патриоттық кездесу өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараны Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапхана ұжымы ұйымдастырды. Кездесуге генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Абай Тасболатов қатысып, жастармен мазмұнды сұхбат құрды.

Жиынға Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің сарбаздары мен «Тұран» колледжінің студенттері қатысып, белсенділік танытты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу, Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күнінің тарихи маңызын насихаттау, жас ұрпақтың ел тарихына қызығушылығын арттыру және ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің мәнін түсіндіру болды.

Іс-шара барысында «Мәңгі өшпес ұлы ерлік» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылып, мерекелік бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар кеш қонағымен сұхбат ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Кездесу барысында Абай Тасболатов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қарулы күштердің қалыптасу кезеңі туралы естеліктерімен бөлісті. Ол әскери кадр тапшылығы, сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық қиындықтар және әскери білім беру жүйесін қалыптастыру жолындағы еңбектер туралы айтып өтті.

«Патриоттық тәрбие – өздігінен қалыптаспайды. «Мен Отанды сүйемін» деп айту ғана жеткіліксіз. Оның нақты ісі, жауапкершілігі болуы керек. Соның бір маңызды бағыты – тарихты білу. Өткенді де, бүгінді де терең түсіну қажет. Біз көпұлтты мемлекетпіз, біздің күшіміз – бірлігімізде», – деді спикер.

Сонымен қатар ол жастарды ел тарихын құрметтеуге, білім алуға, тәртіпті болуға және Отанға адал қызмет етуге шақырды.