Кейінгі жылдары бастауышпен қоштасу шаралары қоғамда қызу талқыланып жүр. Кейбір ата-аналар мұны балалар үшін ерекше естелік деп қабылдаса, енді бірі мұндай шара қажетсіз екенін айтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде де бұл мәселеге қатысты пікір көбейген. Көпшілік бастауышпен қоштасудың мәнін түсінбейтінін жазған. Өйткені оқушылар тек келесі сыныпқа өтеді.
"Осы бастауышпен қоштасу дегенді түсінбеймін. Неге керек? Қоштасатындай мектептен кетіп қалғалы жатқан жоқ қой. Мұғалімдері де, өздері де сол мектепте жүреді. 11-сыныптың қоштасуы жолда қалады. Дұрыс емес!" - деді желідегілердің бірі.
Сонымен қатар, желі қолданушыларының сөзінше, бастауышпен қоштасу кей жағдайда ата-аналарға қосымша шығын мен артық әурешілік әкеледі. Арнайы киім, фото-видео түсірілім сияқты шығындар да көбейген.
"Балаларды еңбекке баулудың орнына той-жиынға, шоуға үйретіп жатырмыз", "Айтатыны жоқ, жылдан-жылға ұластырып, бір-бірінен қалыспай үлкен шара болып кетті қазір", "Осы қоштасуға тыйым салса жөн болады", "Даңғазалық", - деді олар.