Ұлттық статистика бюросы қарашадағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін жариялады. Оған сәйкес, 2024 жылғы қазанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 206 887 (алдын ала деректер) теңгені құрады, бұл 2023 жылғы қазанға қарағанда 2% жоғары, нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 6% төмендеді, деп жазады Dalanews.kz.
Сондай-ақ 2024 жылғы III тоқсанда орташа айлық атаулы жалақысы 390 328 теңгені құрады (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындардағы қызметкерлерді есепке алмағанда). 2024 жылғы III тоқсанда бағалау бойынша медианалық жалақы 269 378 теңгені құрады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңге мөлшерінде белгіленген.
Мәселен, үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша ең төменгі орташа жалақы Түркістан облысында - 266 590 теңге, ал жоғарысы Атырау облысында 630 894 теңге деңгейінде тіркелді.
Бір қызығы, өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда Атырау облысында нақты жалақы индексі төмендеген, мұны төмендегі кестеден көруге болады.
ҚР Ұлттық статистика бюросы салалық бөліністе ең жоғары атаулы жалақы кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте екенін нақтылайды: 593 мың теңгеден астам. Одан кейін ақпарат және байланыс саласында – 673 мың теңгеден астам, қаржы және сақтандыру қызметі саласында 831 мың теңгеден астам.
Сонымен қатар, құжатта 2024 жылдың екінші тоқсанында республикамыздағы кәсіпорындарда еңбекақы төлеу бойынша берешек 458 млрд теңгені құрап, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,8%-ға ұлғайғаны көрсетілген, бұл ретте мерзімі өткен берешек - шамамен 47,7 млн теңге.