Астанада «WorldSkills Astana-2025» кәсіби шеберлік бойынша аймақтық чемпионат басталды. Елордада осымен оныншы рет өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Чемпионатқа 300 үміткер, 250-ге жуық сарапшы және 4000-нан астам қонақ қатысып жатыр.
«WorldSkills» халықаралық қозғалысының басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және кәсіби дағдыларды дамыту. Қазақстан 2014 жылы жаһандық қауымдастыққа енді, ал 2015 жылы Астанада бірінші қалалық чемпионат өтті.
Осы он жыл ішінде WorldSkills Astana ауқымды жобаға айналды: 2025 жылы 300-ден астам қатысушы 49 құзырет бойынша сайысқа түсуге өтініш берді.
Жарыс 30 мамырға дейін елордалық колледждердің 15 алаңында өтеді. Қатысушылар прототип жасау, мейрамхана қызметі, дәнекерлеу, графикалық дизайн, мобильді робототехника, мобилография, интернет-маркетинг және т.б. салаларда өз жетістіктерін көрсетеді.
Чемпионат негізгі салалардағы кәсіптердің кең ауқымын қамтиды:
Құрылыс және инженерия: кірпіш қалау, гипсокартон және сылақ, плитка төсеу, электр монтаждау, сантехника және жылумен жабдықтау, ағаш ұстасы, темір жол көлігін басқару, электровоз басқару және т.б.
Өнеркәсіп және мехатроника: дәнекерлеу технологиялары, токарлық және фрезерлік жұмыстар, кузов жөндеу, прототиптеу, мехатроника, E-mobility.
IТ және цифрлық технологиялар: желілік және жүйелік әкімшілендіру, бұлтты бағдарламалау, веб-технологиялар, графикалық дизайн, интернет-маркетинг, бизнеске арналған IT шешімдер, мобильді қосымшалар әзірлеу, компьютерлік ойындарды 3D модельдеу, мобильді фотосурет, видеомонтаж.
Қызмет көрсету және шығармашылық салалар: мейрамхана қызметі, аспаздық және кондитерлік өнімдер, нан пісіру, шаштараз, сән технологиясы, қонақүй қабылдаушысы, флористика.
Білім беру және әлеуметтік кәсіптер: бастауыш сыныптарда оқыту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, дене шынықтыру және спорт, педагогика.
Көлік, жөндеу және техникалық қызмет көрсету: ақпараттық кабель желілері, жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету.
Кәсіпкерлік және бизнес: кәсіпкерлік, қызмет көрсетуді ұйымдастыру.
Чемпионат сонымен қатар арнайы жарыстарды қамтиды: Abilympics – мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін, DeafSkills – есту қабілеті бұзылған қатысушылар үшін, JasSkills – мектеп оқушылары үшін.
Қазіргі аймақтық кезеңнің жеңімпаздары 2025 жылдың күзінде өтетін ел чемпионатына қатысады.
Жарыстармен қатар қалада білім беру және кәсіптік бағдар беру шаралары өткізіледі:
* «100 бейіндік сынып» жобасы аясында 8 бағыт бойынша мектеп оқушыларының басқосуы: сервис, IT, медицина, темір жол көлігі, дизайн, педагогика, тігін өндірісі және техникалық қызмет көрсету.
* «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN 2025» республикалық чемпионаты.
* Әлеуметтік серіктестермен бірге колледждерде экскурсиялар мен шеберлік сабақтары.