Жарылыс болған танкерде Қазақстан мұнайы жоқ - Энергетика министрлігі

Ақтоты Жапатова 01 шіл. 2025 13:00

Солтүстік Африка жағалауында апатқа ұшыраған танкерде Қазақстан мұнайы болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Ведомствоның хабарлауынша, апатқа ұшыраған Vilamoura танкері жеке меншікке тиесілі және соңғы рет Ливия порттарында жүктелген.

«Апат кезінде танкер бортында Қазақстан мұнайы болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген министрлік хабарламасында.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, грек TMS Tankers компаниясына тиесілі танкер бортында 1 миллион баррель мұнай болған. Ливия жағалауында орын алған жарылыс салдарынан кеменің машина бөлімі су астында қалған, алайда мұнай төгілу дерегі тіркелмеген. Экипаж мүшелері зардап шекпеген, танкерді қазіргі уақытта Грекияға сүйреп апара жатыр.

Vilamoura кемесі Зейтин порты арқылы Гибралтар бұғазына бет алған. Теңіз жолдарын бақылау жүйелерінің мәліметінше, бұл танкер сәуір және мамыр айларында Ресейдің Усть-Луга портына және Новороссийск маңындағы КТК терминалына тоқтаған.

Министрлік бұл оқиғаның Қазақстан мұнайымен еш байланысы жоқ екенін және ресми дерек көздеріне сүйенуді ескертті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар