Қарасайда баланы қабаған иттен құтқарып қалған зейнеткерден ит иелері өтемақы талап еткен

Көркем Алдабергенова 01 шіл. 2025 16:20

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде 10 жасар баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған. Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізіп бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген, деп жазады Dalanews.kz.

«Балалардың үрейленіп қашқанын көріп, бір сұмдық жағдай болғанын сездім. Қолымда ешбір құрал жоқ еді, көлігімнің есік қалтасынан тек балыққа алып жүретін бәкімді алдым да, бірден оқиға орнына жүгірдім. Барсам, екі үлкен қабаған ит балаға жабысып, оны сүйреп, жұлмалап жатыр екен. Питбуль тұқымдас ит баланың санын шайнап жатты, ал екінші овчарка иығынан ұстап, жерге сүйреп барады. Қанға боялған бала «Аға, құтқарыңызшы!» деп жанұшыра айғайлады. Оны көргенде ойланбастан иттерге қарсы шабуылдап, екеуін де ұрып өлтірдім», – дейді Серікбек ақсақал Stan.kz-ке берген сұхбатында.

Қазір 10 жасар бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр. Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.

«Ұлымның құлағының жартысы жоқ, беті мен басы қатты зақымданған, сан етін иттер жұлып алған. Жарақаттары ауыр. Қазір медициналық құжаттарды жинап, сотқа жүгінуге дайындалып жатырмыз. Иттердің иелері болса баланың өзі кінәлі, аумаққа жақындады деп жалған айтып отыр», – дейді ол.

Серікбек Сақайбековтің ерлігі тұрғындар арасында қызу талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Алайда өлген иттердің иелері зейнеткерден өтемақы талап етіп отыр екен.

«Қазір иттердің иелері келіп, маған иттері қымбат болғанын айтып, ақшасын төлеуімді сұрап отыр. Сонда баланы құтқармай, қансырап жатқанын үнсіз қарап тұруым керек пе еді?» – деп күйінді ол.

Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Бауыржанұлы оқиғаға қатысты тиісті органдар шара қабылдағанын, иттердің иесіне айыппұл салынғанын хабарлады. Сондай-ақ, әкімдік иттер ұсталған орталықтың заңдылығын тексеретін болады.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу барысында иттер есірткі мен ішімдікке тәуелділерді оңалту орталығына тиесілі екені анықталған.

«Кінәлілер міндетті түрде заң аясында жауапқа тартылады», – деді полиция өкілдері.

Қазір жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер баланың еміне қаржы жинауды бастап кетті. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен баланың жағдайы тұрақты болғанымен, жарақаты ауыр деңгейде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар