Astana English School халықаралық мектебінде 900 млн теңгеден аса қаржы жымқырылған. Бұл іске қатысты тың дерек белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист Сырым Итқұловтың айтуынша, Астанада 81 English School-дың бұрынғы директоры, шамамен бір миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған - Гүлнар Садықова.
"Ол - Индира Асанбаеваның анасы. Естеріңізде болса, Индира – Дима Биланның концертінде Бишімбаевты сүйген әйел. Кейінірек сот процесі кезінде ол Бишімбаевпен тек жұмыс барысында таныс болғанын мәлімдеген еді", - деп жазылған мәліметте.
Бұған дейін не белгілі?
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, мектептің бұрынғы директоры мен бас бухгалтері 900 млн теңгеден аса ақшаны заңсыз иемденген.
Тергеу нәтижесінде бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатысу үшін қолма-қол алынған ақша екені, алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланғаны анықталған.
"Сонымен қатар, шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар", - деп жазылған хабарламада.
Жымқырылған қаржыға күдіктілер жалпы құны 382 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алған. Оның ішінде елордадағы бір коттедж, екі пәтер және көлік бары белгілі болды.
Қазір бұл мүлік сот санкциясымен тәркіленіп, тыйым салынды.
Қылмыстық іске қатысты тергеу жалғасып жатыр.