Назарбаев университетінде өткен бизнес-шарада экс-президенттің келіні, коучинг саласында танылған Аида Әлиева спикер ретінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz
Университеттің Бизнес жоғары мектебі ұйымдастырған бұл шара "Өзгеріс кезеңдері мен трансформация" деген тақырыпқа арналған. Алайда Назарбаев университетінің ресми өкілдері жиынның оқу орнының қабырғасында емес, сырт алаңда өткенін нақтылап отыр.
Шарада сөз сөйлегендердің қатарында Назарбаев университетінің 2016 жылғы Executive MBA бағдарламасының түлегі Аида Әлиева бар. Ол кәсіпкер және жеке даму бойынша коуч-сессиялардың авторы ретінде танылған. Әлиева әлеуметтік желідегі парақшасында жиі-жиі "ішкі қуат", "өзін-өзі бағалау" секілді тақырыптарды көтеріп, мотивациялық бейнероликтер жариялап тұрады.
Әлиеваның коучинг бағытындағы негізгі ұстанымы – "әйелдің ішкі жай-күйі оның тағдырына және айналасындағы ер адамдардың қарым-қатынасына тікелей әсер етеді". Ол өзін-өзі бағалау, ішкі сенімділік және "тағдырдан сый қабылдау" тәжірибелерін насихаттайды.
Instagram парақшасындағы ресми ақпаратта спикерлер "өмірдегі шешуші кезеңдер мен қиындықтарды еңсеру тәжірибесін бөлісті" делінген. Дегенмен Әлиеваның нақты қандай өмірлік тәжірибесін бөліскені ашып айтылмаған.
Еске салайық, Назарбаев университетінің Executive MBA бағдарламасы Қазақстандағы топ-менеджерлер мен кәсіпкерлерге арналған жетекші бизнес-бағдарламалардың бірі саналады. Мұнда стратегиялық басқару, көшбасшылық және дағдарыс менеджменті бағыттары оқытылады.
Айта кетейік, Аида Әлиеваның қазір айналысатын тақырыптары әдетте классикалық бизнес-мектептердің түлектері таңдаған бағыттан ерекшеленеді. Ол өз аудиториясына қиындықтарды "өсу мүмкіндігі" ретінде қабылдауға шақырып, "энергиялармен жұмыс істеу" ұғымын кеңінен түсіндіреді.
Әлиева – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, белгілі кәсіпкер Нұрали Әлиевтің жұбайы. Оның әкесі – бұрынғы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.
Аида Әлиева Instagram-дағы парақшасында Zhanartu қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі ретінде көрсетілген. Бұл қордың құрылтайшысы – Forbes тізіміндегі Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесменнің бірі Нұрали Әлиев.
Назарбаев университеті 2010 жылы экс-президент Назарбаевтың бастамасымен ашылған және бүгінде елдегі жетекші оқу орындарының бірі. Университет құрамында сегіз мектеп болса, соның бірі – Жоғары бизнес мектебі.
Іс-шарада Аида Әлиева ұстамды, бірақ талғаммен үйлестірілген киімімен көзге түсті. Жасанды интеллектің бағалауынша, оның образындағы элементтер қымбат сән үйлеріннен және жалпы образының бағасы шамамен 2,2 миллион теңгедей болады.