Атырау облысының бұрынғы әкімінің ұлы "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясына басшы болды

Көркем Алдабергенова 01 шіл. 2025 12:50

«Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нің бас директоры болып Президенттің жастар кадрлық резервінің мүшесі, Атырау облысының бұрынғы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің ұлы Болат Досмұхамбетов тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Болат Досмұхамбетов – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың «Мұнай және газ геологиясы» мамандығы бойынша түлегі. Франциядағы Лотарингия Ұлттық политехникалық институтында «Геология және кен орындарын игеру» мамандығы бойынша магистрлік білім алған. Сонымен қатар, MBA дәрежесін KazGUU Business School және University of Business and International Studies оқу орындарында алған.

Ол әр жылдары Weatherford компаниясында инженер-геофизик, Total S.A. компаниясының құрылымдық геология және шөгінді жыныстар бөлімінде геолог, KMG Kashagan B.V.-де перспективалық жобалар департаментінің директоры, CMOC B.V. компаниясында бас директордың орынбасары, «Исатай Оперейтинг» ЖШС-нің бас директоры қызметтерін атқарған.

«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС Батыс Қазақстан облысындағы Федоров блогында жұмыс жүргізіп жатыр. Жоба акционерлері: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, MOL Group және First International Oil Corporation Limited (Sinopec еншілес компаниясы).

Болат Досмұхамбетов – 2019 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалған 61 жастағы Махамбет Досмұхамбетовтің ұлы. Ол әкімдікке «жеке ойыншы» ретінде келді, алайда бір жыл ішінде өз командасын жасақтауға тырысты. Алайда сарапшылар да, жергілікті халық та оның командасын басқарушылық қабілеті төмен, әлсіз құрам деп бағалаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар