Қазақстандықтар бес күн бойы ақша аудара алмауы мүмкін: бұған не себеп?

Сағыныш Сардарова 01 шіл. 2025 16:56

Қазақстанда 2026 жылдан бастап банктер, төлем жүйелері мен ұялы байланыс операторлары күмәнді деп тапқан қаржы аударымдарын бес жұмыс күніне дейін бұғаттай алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұндай талап 2025 жылдың 30 маусымында қол қойылған "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңға енгізілген өзгерістерде көрсетілген. Бұған дейін күмәнді транзакциялар ең көп дегенде үш күнге бұғатталып келген.

Жаңа ережеге сәйкес, банктер мен қаржы ұйымдары қандай да бір транзакциядан алаяқтық белгілерін байқаса, ол операцияны дереу тоқтатып, клиенттен түсініктеме талап етуге құқылы. Егер пайдаланушы қаржының заңды екенін дәлелдей алмаса, оның есепшоты немесе электронды әмияны толықтай анық-қанығы белгілі болғанға дейін бұғатта тұрады.

Егер клиент операцияның заңдылығын растайтын ақпаратты ұсынса, бұғатталған қаражат дереу ашылады. Ал аударым шынымен де алаяқтық әрекет болып шықса, клиенттің деректері құқық қорғау органдарына беріледі. Сондай-ақ, бұл пайдаланушы «күдікті операциялар» туралы арнайы базаға тіркеледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар