Журналист Әбенова Перизат Қайраттың бар былығын ашты

Сағыныш Сардарова 01 шіл. 2025 13:29

Белгілі журналист Гүлбану Әбенова Перизат Қайратқа қатысты тың деректер мен күмәнді тұстарды жариялады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Журналистің айтуынша, ол 2023 жылы 11 шілдеде, яғни ресми тергеу басталмай тұрып, Перизат Қайраттың өміріндегі қаржылық әрекеттердің күмән тудыратын тұстарын атап көрсеткен екен.

"Бір аптаның ішінде анасы қызына элиталық пәтер, ал қызы анасына қымбат көлік сыйлаған. Бұл әрекеттері менің күдігімді тудырған еді. Себебі оларда ресми түрде нақты бизнес жоқ. Перизаттың өзі "араб елдеріне ет экспорттаймыз" деген еді. Мен Қазақстаннан шетелге ет экспорттаудың талаптарын арнайы зерттедім. Ол - өте күрделі, қиын процедура. Тіпті үлкен ет комбинаттарының өзі мұндай талаптарды орындай алмайды. Осыдан кейін оның айтқанының бәрі өтірік екеніне көзім жетті", – дейді журналист.

Гүлбану Әбенова Перизат Қайраттың біліміне қатысты да күмән келтірген.

"Ол Ұлыбританияның белгілі бір университетін бітіргенін айтқан еді. Мен сол университеттің түлегімен сөйлесіп көрген соң, ондағы оқу өте қиын екенін білдім. Содан кейін Перизат сияқты интеллектуалдық деңгейі төмен адамның мұндай білім алуы мүмкін емес деп ойладым. Ұлыбританиядағы әріптесімнің көмегімен сол университетке арнайы сұрау салдым. Нәтижесінде Перизат Қайрат ол оқу орнының студенті де, түлегі де емес болып шықты. Демек, Ұлыбританияның дипломы туралы сөзі – өтірік", – дейді ол.

Журналистің айтуынша, қоғамда оның бұл күмәніне ешкім құлақ аспаған. Керісінше, өзін кінәлап, әлеуметтік желілерде қудалап, "қызғаншақ" деп айыптағандар көбейген.

"Маған қарсы шабуыл көбейген соң, бұл мәселені соңына дейін жеткізбедім. Бірақ сол кезде Ақпарат министрінен "Перизатты қандай негізде кеңесші етіп алдыңыздар?" деп сұрадым. Оның ешқашан БАҚ саласында, PR-да жұмыс істемегенін айтып, "Мені неге кеңесші етпейсіздер? Өзімнің жақсы білімім, БАҚ пен ұлттық компанияның PR қызметіндегі үлкен тәжірибем бар" деген едім. Министрліктен "Перизат Қайрат бізде кеңесші емес" деген жауап келді, сөйтіп олар оны тез арада қызметтен босатты", – дейді журналист.

Гүлбану Әбенова тергеу кезінде бұл дерек расталғанын атап өтті.

"Тергеуде Перизат Қайратты 2023 жылдың 17 мамырындағы №59-бұйрығымен ақпарат министрінің кеңесшісі етіп тағайындағаны белгілі болды. Кейін бұл бұйрықтың күші жойылған. Сонда экс-министр 9 сыныптық білімі бар қызды кеңесші қызметіне тағайындаған. Бұл – нақты факт. Ал жақсы білімі, бірнеше дипломы, мол тәжірибесі бар адамдар қарапайым қызметке де тұра алмай жүр. 9 сыныптық біліммен маңызды мемлекеттік лауазымға тағайындалу үшін біреудің әйелі басқа біреудің анасымен дос болуы жеткілікті ме?" – деп түйіндеді журналист.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар