Ұлттық Банк банктердің мобильді қосымшалары арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жүргізетін банкаралық QR-төлемдер сервисін іске қосты. Төлем Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясы базасы аясында жасалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Сервис клиенттерге кез келген банктің пайдасына банкаралық QR-төлемдерді қабылдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік бере отырып, банктердің төлем қызметтерін кеңейтеді. Бүгіннен бастап банкаралық QR-төлемдер сервисі "Банк ЦентрКредит" АҚ, "Home Credit Bank" АҚ және "Freedom Bank" АҚ клиенттеріне қолжетімді. Операция жасау үшін сатып алушы клиент банктің мобильді қосымшасына кіріп, сатушының (сервиске қатысушы банктердің бірінде қызмет көрсетілетін) терминалында QR-кодты сканерлеп, төлемді растауы қажет", деп нақтылайды Ұлттық Банк.
Банкаралық QR-төлемдерді іске қосу банктер арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін арттырады, ыңғайлы етеді және тұтынушы үшін төлем қызметтерінің қолжетімділігін кеңейтеді.
Ұлттық Банк қаржы нарығының қалған қатысушыларын кезең-кезеңімен қосу бойынша жұмысты жалғастырады. Жаңа қызмет басқа банктердің мобильді қосымшаларында олар ішкі процестерін бейімдеген кезде пайда болады.
Банкаралық QR-төлемдер сервисі төлем инфрақұрылымын дамыту бағыттарының бірі саналады және "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" АҚ базасында Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын (ҰЦҚИ) дамыту аясында іске асырылады.