Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы қазақстандық тауар өндірушілерді және олар өндіретін тауарларды сәйкестендірудің оңтайлы жүйесін құруға бағытталған, бұл кейін мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп жазады Dalanews.kz.
"Негізгі өзгерістің бірі – қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін құруды реттеу. Бұл жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйеде қазақстандық өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы ақпарат болады. Тізілім қолданыстағы "CT-KZ" нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификатты ауыстыруға арналған. Өндірушілер тізілімге енгізуге өтінімдерді жеке кабинеті арқылы бере алады. Салалық мемлекеттік органдар мен бірлестіктерді тарта отырып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің көшпелі комиссиясы өндірісті цифрлық тексеруден және бағалаудан кейін өндірушіні тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдайды", делінген 2025 жылғы 22 қаңтардағы Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осылайша "жалған өндірушілердің" немесе қазақстандық емес өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларын алуына тосқауыл қою жоспарланып отыр. Яғни, өндірушілер "Қазақстанда жасалған" брендімен сатуға дайын өнімді импорттамай, нақты тауар өндіретінін дәлелдеуі керек.
Тізілімге енгізілген кәсіпорындар реттелетін сатып алуға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
"CT-KZ" нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарына дейін қолданыста қалады.
Сондай-ақ заң жобасында алғаш рет Қазақстаннан шыққан тауарлар мен қазақстандық өндірушілердің заңды анықтамалары қарастырылған.
Ал жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор қазақстандық өндірушілерден тауар сатып алуға міндетті болады.
Тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша түзетулер аясында депутаттар квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар субъектілері, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жаңа міндеттемелер енгізуді ұсынып отыр.
Атап айтқанда, Жер қойнауын пайдаланушылар үшін лицензиялау шарттарын қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша ішкі құндылықты дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі міндеттемелермен толықтыру ұсынылады. Сондай-ақ саланы дамытуға бағытталған келісімдерді жоспарлау және жасасу рәсімдерін жүзеге асыру қарастырылған. Мұндай компаниялар ақпараттық жүйеде белгілі бір тауарларды сатып алуға қажеттіліктерін орналастыруға міндетті болады.
"Яғни, осы тетік арқылы квазимемлекеттік сектордағы компанияларға, табиғи монополиялар субъектілеріне, жер қойнауын пайдаланушыларға тауар жеткізгісі келетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері олардың сатып алуларына басымдықпен қатысу арқылы өз өнімдерін жеткізе алады. Талаптар жасалған күніне қарамастан, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған барлық қолданыстағы келісімшарт пен лицензияларға қолданылады", делінген хабарламада.
Бұған дейін сайтымызда "Ұлттық компанияларымызға не болған? Депутаттар неге үнсіз" деген мақала жарияланған болатын.