Кәсіпкерлік сектордағы несиелеудің бүгінгі бет алысы банктердің ғана емес, жалпы экономиканың тамыр соғысын дөп басып көрсете алады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Талдау орталығының 2025 жылдың І-тоқсанына жүргізген талдауында жыл басында кәсіпкерлік субъектілер тарапынан несиеге сұраныстың артқаны баса көрсетілген. Дегенмен, бұл қарқын былтырғы дүркіреген кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда баяу, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жалпы несие бойынша өтінімдер саны жылдық өлшеммен 12%-ға, ал өткен жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда бірден 43%-ға өскен. Мұндай серпін шағын (+12%) және ірі (+39%) бизнестің белсенділігі есебінен қамтамасыз етілген. Бірақ ортанқол бизнестің кредитке деген тәбеті күрт төмендеген (-25%). Осының әсерінен жалпы несие беру қарқыны былтырғы 33,1%-дан 4,7%-ға дейін бәсеңдеп қалды. Бұл жерде шағын бизнестің рөлі ерекше: жалпы өсімнің 73%-ын солар қамтиды. Олардың мұнша белсенділік танытуына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, экономикалық конъюнктура оларға қолайлы болуда: банктер ұзақ мерзімді әрі капиталы көп жобалардан гөрі, қысқа мерзімде айналымға түсетін шағын жобаларды қаржыландыруға ыңғай танытуда. Екіншіден, мемлекет тарапынан жеңілдікті қарастыратын қаржыландыру құралдарының ауқымы кеңейді, әсіресе азық-түлік өндірісі сияқты салаларда осы бағыт жақсы көрініс беруде", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары.
Дегенмен, бұл жайт инвестициялық жобаларға оңай тимей отыр. Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемені көтеруі кәсіпорындардың инвестициялық жобаларды қайта қарауына алып келді, тіпті кейбірінің қаржыландыруға өз ресурстарын жұмсауына тура келуде. Банктер пайыздық қарыздың қымбаттауынан ұзақ мерзімді жобалардан бойын аулақ ұстау тұрғысында қаржы саясатын өзгерткен.
Қызығы сол, шағын бизнесте ұзақ мерзімді несиелердің үлесі 54%-ды құраса, орта бизнесте – 27%, ірі кәсіпорындарда небәрі 11% ғана. Мұның өзі қазіргі нарықтағы психологиялық ахуалды анық көрсетеді: бизнес қауымы ұзақ мерзімді әрі капиталды көп қажет ететін жобаларға қаражат салуға сақтықпен қарай бастаған. Осының салдарынан корпоративтік несие портфелі де жыл басынан бері 0,3%-ға азайды.
Несиелік портфель құрылымында сала бойынша да бірқатар ауытқулар бар. Әсіресе, байланыс саласындағы төмен базалық әсер мен несиелердің санатының жиі ауысуы байқалады.
Жалпы алғанда, кәсіпкерлердің өтінімдерін мақұлдау деңгейінде өзгеріс (42%) болмағанымен, оның ішкі құрылымы құбылған: шағын бизнесте мақұлдау деңгейі 35%-дан 31%-ға, орта бизнесте 39%-дан 36%-ға төмендеп, керісінше ірі бизнесте 51%-дан 57%-ға артқан.
"Ал 2025 жылдың ІІ-тоқсанында несиелендіру белсенділігінің төмендеуі жалғасуы мүмкін. Ірі бизнестің сұранысы пайыздық мөлшерлемелердің қымбаттауына байланысты кемитіні болжанып отыр, есесіне шағын және орта бизнестің қарқыны тұрақты сақталады деген үміт бар. Бірақ ірі бизнес үлесінің биылғы жаңа несиелер көлемінің 46%-ын құрап отырғанын ескерсек, бұл жалпы нарықтық көрсеткіштерге кері әсер етпей қоймайды. Осы орайда мемлекет бизнестің несиеге қолжетімділігін арттыру үшін түрлі құралдарды іске қосуда. Жақында ғана кепілдікпен қамтамасыз ете алмайтын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында екі жаңа мамандандырылған кепілдік қоры ашылды. Бұған қоса, "Бәйтерек" холдингін 1 трлн теңгеге капитализация жасау көзделген. Мұның өзі кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында қосымша 8 трлн теңге көлемінде несие ресурсын тартуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар қорландырудың жоғары құнынан тежеуші факторды өтеуге және басымдық берілген салалардағы бизнестің инвестициялық белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Дегенмен, мұндай саясаттың кері жағы да бар. Мемлекеттің қаржы құюы фискалдық жүктемені арттырып, нарықтық механизмдерді ығыстырып, капиталды тиімді бөле жұмсау сапасын нашарлатуы мүмкін. Бұл жағдайда бизнес әкімшілік шешімдерге тым тәуелді болып кету қаупі бар. Соған қарамастан, қазіргі сәтте шағын бизнестің өсімі экономиканың негізгі қозғаушы күші болып отыр", делінген ҚҚҚ сарапшылары талдауында.
Қорыта келе, егер осы үрдіс жалғасса, Қазақстан экономикасында әртараптандырылған әрі бәсекеге қабілетті шағын бизнес сегменті жаңа сапалық деңгейге көтерілуі ықтимал. Бірақ бұл үшін нарықтық механизмдер мен мемлекеттік қолдаудың тепе-теңдігін сақтау аса маңызды міндет болмақ.
Бұған дейін сайтымызда "Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына төніп тұрған қауіп-қатерлерді атады" деген материал жарияланған болатын.