"Елдегі баға Нью-Йоркпен салыстырғанда 73,4%-ға төмен" - сарапшылар

Сағыныш Сардарова 03 мау. 2025 12:32

2025 жылға арналған өмір сүру құны бойынша рейтингте Қазақстан 139 елдің ішінде 114-орынға ие болды. Finprom сарапшылары осы бағытта сараптама жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл индекске не жатады?

Бұл индексте тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағалары салыстырылады, оған азық-түлік, көлік, коммуналдық қызметтер кіреді, бірақ баспана шығындары (жалға алу немесе ипотека) есепке алынбайды. Негізгі өлшем ретінде Нью-Йорк алынған, оның индексі - 100%. Егер елдің индексі 120 болса, бұл ондағы күнделікті өмір сүру шығыны Нью-Йорктен 20%-ға жоғары дегенді білдіреді.

"Қазақстанның индексі - 26,6. Бұл елдегі баға Нью-Йоркпен салыстырғанда 73,4% төмен екенін көрсетеді. Азық-түлік бағасының индексі - 27,4, қоғамдық тамақтану орындарындағы бағалар - 28. Ал сатып алу индексі - 50,8. Бұл - орташа жалақыға өмір сүретін қазақстандықтар Нью-Йорк тұрғындарымен салыстырғанда 49,2%-ға аз тауар мен қызмет сатып ала алады деген сөз", - дейді сарапшылар.

Басқа мемлекеттер қай орында?

ТМД елдері арасында Қазақстаннан жоғары орында Армения, Молдова және Әзербайжан тұр (оларда қымбатырақ), ал төменгі орында Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан және Ресей тұр.

Әлем бойынша ең жоғары өмір сүру құны Швейцария және Исландияда тіркелген. Ең төмен көрсеткіштер Пәкістан, Ливия және Мысырда.

Елдегі баға бойынша ахуал қандай?

Қазақстандағы бағаға келсек, 2025 жылдың сәуірінде елдегі тауарлар мен қызметтер бір айда 1,2%-ға, бір жылда 10,7%-ға қымбаттаған.

Нақты санаттар бойынша:

  • Азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 8,3%-ға;

  • Киім мен аяқ киім 11%-ға;

  • Тұрғын үй қызметтері, су, электр, газ және отын түрлері 15,8%-ға;

  • Денсаулық сақтау қызметтері 14,8%-ға;

  • Көлік қызметтері 7%-ға;

  • Байланыс 17,3%-ға;

  • Мәдениет пен демалыс 16,8%-ға;

  • Тұрғын үйді жалға алу 15,3%-ға;

  • Қоғамдық тамақтану мен қонақүй қызметтері 12,6%-ға қымбаттады.

2025 жылы бірінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 423,1 мың теңге болды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10,7%-ға жоғары. 

Өңірлер бойынша ең жоғары жалақы Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында тіркелді. Ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Жамбыл облыстарында. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар