Саясаткер Әміржан Қосанов Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жасаған сапарына қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның бірнеше астары бар екенін атап өтті. Ол бұл сапардың кемінде төрт тараптың – Қазақстан қоғамының, президент Тоқаевтың, Назарбаевтың және Путиннің – мүддесі тұрғысынан қаралуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz сайтына сілтеп.
Қосановтың айтуынша, мұндай мазмұны бұлыңғыр кездесулер қоғамға оң әсер етпейді.
"Қоғам онсыз да кланаралық күрестен көз ашпай отыр. Осындай, сұрағы да, сұрауы да бар, әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге себеп болатын сапарлар ел ішіндегі тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін," – дейді ол.
Саясаткер бұл кездесу Тоқаевтың абырой-беделін арттырмайтынын атап өтті. Оның үстіне, ресми түсініктеме берілмегендіктен, қоғамда түрлі болжамдар мен күмән туады.
"Назарбаевтың: 'Мен Ресей президентімен кездесуімде Тоқаевты қолдадым, Қазақстан мүддесін қорғадым' деп ресми мәлімдеме жасағанын көрген жоқпыз. Сондықтан «астыртын әрекет теориясы» еріксіз еске түседі," – дейді Қосанов.
Саясаткер атап өткендей, заң бойынша экс-президенттің саяси белсенділігіне тыйым салынбаған. Дегенмен, оның сыртқы саясаттағы бұл белсенділігі ресейлік бағытпен шектеліп отыр.
"Егер халықаралық беделі шынымен жоғары болса, неге ол АҚШ, ЕО, Қытай не Жапония басшыларымен дәл осылай кездеспейді?" – деп сұрақ тастайды Қосанов.
Оның ойынша, бұл кездесу Назарбаевтың жеке және отбасылық мүдделерімен де байланысты болуы мүмкін.
"Назарбаевтар отбасының Ресейдегі бизнес-активтері бар екені белгілі. Батыс санкциялары олардың жағдайына әсер етуі мүмкін. Мүмкін, экс-президент осы мәселені талқылап, қолдау сұраған болар," – дейді саясаткер.
Сапардың тағы бір бенефициары – Ресей президенті Путин. Қосановтың пікірінше, Путин Қазақстаннан айырылып қалғысы келмейді және Назарбаевтың әлі де бар формалды әрі бейформалды ықпалын өз мақсатына пайдалануы мүмкін.
"Путин үшін Қазақстаннан айрылмау – тек геосаяси мәселе емес, бұл – энергетикалық жобаларға, инвестицияларға, экономикалық ықпалға қатысты нәрсе," – дейді ол.
Алайда Қазақстан бұл жобаларды біржақты емес, халықаралық консорциумдар арқылы іске асыруды көздейді. Бұл екіжақты мүдделер қақтығысына әкелуі ықтимал.
Саясаткер қазіргі саяси процестердің астарында "ескі Қазақстанның реванш алу" ықтималдығы жатқанын жоққа шығармайды. Оның пікірінше, алдағы сайлау қарсаңында түрлі ішкі және сыртқы күштер белсенді әрекет етуі мүмкін.
"Бүгінгі объективті және субъективті қиындықтарды антиқазақтық күштер пайдаланып кетпейді деп ешкім нақты айта алмайды. Қуырдақтың көкесін сонда көріп жүрмейік!" – дейді Қосанов.
Оның ойынша, Ресей үшін де Қазақстанның күшеюі мен өңірлік көшбасшылыққа ұмтылуы тиімсіз. Егер ескі Қазақстан мен ескі империяның мүдделері тоғыса қалса, бұл Жаңа Қазақстан үшін үлкен қауіпке айналуы мүмкін.
"Мен дәл осыдан қауіптенемін. Себебі басты мүдделі тарап – Жаңа Қазақстанның тұрақтылығы мен амандығы," – деп түйіндеді сөзін саясаткер.