Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ірі кәсіпорындар өздерінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құра отырып, Елішілік құндылық бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауы қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бектеновтің сөзінше, тек осы жағдайда ғана бизнес мемлекеттік қолдауға ие болады.
Елішілік құндылық бағдарламалары отандық кәсіпорындардан тікелей сатып алуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл оларды локализациялау арқылы жаңа өндірістерді кеңейтуге және құруға ынталандырады.
«Ел ішіндегі өндірістік тізбектерді кеңейте отырып, отандық компаниялардың арасындағы кооперацияны дамытуға жағдай жасау керек. Кәсіпорындардың өзара тиімді іс-қимылының арқасында ғана ел ішінде толыққанды өндірістік цикл құруға болады. Нәтижесінде, импорт пен өндірістік шығын көлемі азайып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен оларға деген сұраныс артады. Елішілік құндылықты дамыту дегеніміз жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру дегенді білдіреді.
Мұндай тәсіл еліміздің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруды, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.