Қарағанды облысында ірі есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шахтинск қаласына қарасты Северо-Западный кентінің аумағында орналасқан жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды. Онда синтетикалық есірткі өндірілген.
Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық прекурсор мен 35 келі дайын психотроп зат тәркіленді. Бұл - 1 миллионнан аса дозаға тең, яғни осы мөлшерде улы зат қара нарыққа шығарылуы мүмкін еді.
Операция барысында Шахтинск қаласының 27 және 29 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде олардың тұрғылықты жерінен 355 канистр химиялық зат, ондаған зертханалық құрылғылар (сорғыш жүйелер, индукциялық плиталар, респираторлар және арнайы техникалар), сондай-ақ, қылмыстық мақсатта пайдаланылған деп болжанған үш көлік тәркіленді.
"Бұл - өңірде анықталған ең ірі есірткі зертханаларының бірі. Мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің жолы кесілді", - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Ысмағұлов.
Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.