"Өз-өзімізді алдап отырған жоқпыз ба?" Аймағамбетов Денсауминнің бар шындығын жайып салды

Сағыныш Сардарова 04 мау. 2025 17:43

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек саласындағы түйткілді мәселелерді көтерді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Раушан есімді азамат. 42 жаста.  Оның өмірі баяу сөніп барады. Ем жоқтығынан емес, емге шипа болатын дәрі Ұлттық дәрілік формулярда тіркелмегендіктен, дәрі жеті жылдан бері жаңартылмаған емдеу хаттамасына енгізілмегендіктен, тіпті сатып алайын десе де, елде рұқсат етілген тізімде жоқ. Оның өмірі үшін күресі - бюрократиямен күрес. Тағы қаншама осындай Раушан біздің көмегімізді күтіп отыр?" - деп ашынды депутат.

Оның сөзінше, Смайылов бастаған Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген есеп - еліміздегі фармацияның шынайы рентгені.

"Рентген нәтижесі жай ғана сынықтар мен көлеңкелерді көрсетіп қоймай, дереу шешімді, жедел емдеуді талап ететін терең, нағыз қатерлі ісіктерді анықтады", - деді ол.

Аймағамбетов үш негізгі мәселені көрсетті:

  • Дәрі-дәрмекке қолжетімділік.

"Дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылуы үшін олар ең алдымен "НацЭЛС-те" сараптамадан, сосын тіркеуден өтуі керек. Аудит не көрсетті? Норматив бойынша тіркеу мерзімі – 210 күн. Алайда біреулер үшін бұл мерзім заңсыз 1275 күнге дейін созылса, ал осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін өте жылдам, 25-ақ күнде аяқталып, рәсім өткізілді. 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу деректері анықталды", - деді ол.

  • Фармакологиялық бақылауды күшейту бойынша

"Заңға сәйкес "НацЭЛС" дәрілердің жағымсыз реакциялары туралы хабарламаларды жинақтап, талдап, шаралар қабылдау үшін жіберуге міндетті. Бірақ аудит көрсеткендей, 28 "сары карточкасы" бар дәрі бойынша ешқандай шара қабылданбаған. Оның үстіне дәрлердің кері әсерлері туралы 137 ақпарат түскенімен, тек 1 препарат кері қайтарылған. Ал жалпы фармацевтикалық бақылаудан 77 млн фармацевтикалық өнім тыс қалған. Бұған қоса, дәрілерді өндіру үшін әкелінетін субстанциялар бақыланбайды екен. Кім, не әкеліп жатыр? Олар құюға дайын дәрілер ме, субстанция ма? Олар қаншалық қауіпсіз? Білмейміз", - деді Аймағамбетов.

  • Ескірген емдеу хаттамалары бойынша.

"Әр азаматты емдегенде дәрігерлер арнайы емдеу хаттамасында көрсетілген дәрілерді қолдануға тиіс.  Ал емдеу хаттамалар болса уақтылы жаңартылмайды. Өздеріңіз қараңыздар: клиникалық хаттамалардың шамамен 70%-ы (1133-тің 785-і) 5 жылдан 12 жылға дейін қайта қаралмаған. 10 жыл емес, қазір 1 жыл ішінде жаңа дәрілер пайда болады. Осыған байланысты  қазақстандықтар жаңа әдістермен ем ала алмай жүр деп айтуға болады. Хаттамаларды бекіту процесінің өзі де күрделі", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, тіркеу мерзімі өткен және тиімділігі төмен 409 препарат 3 жыл бойы формулярдан алынбаған, тиімсіз деп танылған 5 препарат 29 ауруды емдеу хаттамаларынан шығарылмаған. Ал қажет делінген 96 тиімді препарат керсінше формулярға енгізілмеген.

"Мұндай ақылға сыймайтын жағдайдың себебі – Министрліктің бұйрықтарындағы қарама-қайшылықтар. Препараттар тіпті оригиналдарынан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған. Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттағы бағадан 172%-ға дейін көп, ал Еуропада және әлемде 30%-дан аспайды. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің (ОТӨ) бағасы 1273 теңге. Бұл 4 есеге дейін қымбат. ...Парацетамолдың зауыттағы бағасы 59 теңге, Қырғызстанда 90, ал бізде 144 теңгеге сатылып жатыр. Салыстырыңыздар. Терафлюге елде белгілеген шекті баға 3,3 мың теңге, ал зауыттық бағасы 1,5 мың теңге. Ресейде ол 2,2 мың, Қырғызстанда 2,5 мың теңге тұрады. Тіпті сұмдық жағдай, дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер анықталды", - деді ол.

Депутат бір препараттар қоймаларда шіріп, есептен шығарылып жатқанда, кейбір өмірлік маңызы бар дәрілер қолжетімсіз екенін, 45 мың пациент дәрісіз қалғанын, ал шығын көлемі 3,7 млрд теңгеден асатынын мәлімдеді.

"Отандық өндірушілерді қолдауға үлкен ақша жұмсалады: миллиардтаған субсидиялар, жеңілдікпен несие беру, кедендік преференциялар, салықтан босату. Оған қоса – ұзақ мерзімдік тұтыну туралы шарттар. Осындай қолдау көрсете отырып, біз қандай пайда көріп отырмыз?  Көбіне жаңа препаратты өндірудің орнына жай ғана әдемі бөтелкелерге құйылған, шетелден әкелінген дәрілер емес пе? Оған қоса бұл өнімдердің отандық экономика үлесі де аз, қағаз да, шыны да көбіне сырттан келеді деген ақпарат бар. Сонда миллиардтардтаған субсидиялар мен қолдауымыз жасанды, иллюзиялық өндіріске кетіп жатқан жоқ па?" - деген сауал жолдады ол.

Ол елде дәрі-дәрмек шығарылмай отырғанын да сынады.

"Кейінгі уақытта "ҚазВактан" басқа ештеңе шыққан жоқ деуге болады. Клиникалық зерттеулер өте аз. Соңғы 10 жылда тек 2 препарат шығарылған, олардың бірі - "Йод және калий йодиді". Бұны әзірлеуге 4,6 млрд теңге жұмсалған, бірақ ол тіпті формулярға да енгізілмеген, яғни қолданылмайды", - деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар