"Орыс тілін білмейтін адам өз ойын жеткізе алмайды". Тағы бір компания қазақ тілін кемсіткен

Көркем Алдабергенова 04 мау. 2025 16:03

Әлеуметтік желіде қазақ тілін кемсіткен тағы бір компания талқыға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы журналист Өміржан Әбдіхалықұлы Facebook парақшасында жазды.

"Жарнамасы қазақ тілінде, бірақ қазақ тілін жасырын кемсіту бар. Сол арқылы совет өкіметі кезіндегі "орысша білмесең, адам болмайсың" дейтін ұлтты кемсіту, қор санау бағытын көрсетіп тұр", - дейді журналист. 

Бұл орыс тілін үйретуге арналған BILIMDIBOL оқу орталығының Instagram-дағы жарнамасы. Компания мәліметінше, олар бес жылдан бері нарықта, 100 мыңнан астам қазастандыққа орыс тілін үйретіпті. 

Әзірге оқу орталығына ешкім "бойкот" жарияламаған. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта қазақ тіліне қатысты проблема өзекті мәселенің біріне айналған. Мысалы әлеуметтік желіде танымал заңгер Ержан Есімхановтың қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты жазбасы қызу талқыға түскен болатын. Threads-тегі жазбадан кейін қалың көпшілік ашық пікір білдіріп, наразылығын көрсетті. 

Желідегі мына жазбадан кейін дау шықты:

Заңгер көне тілдердегі мәтіндерді қалпына келтіріп, ерекше контент жасайтын Arum Natzorkhang есімді блогер туралы айта келіп, сөз арасында "бұл қазақшасөйлешниктерге қайдан жетсін?" дегендей мысқылдаған.

Халықтың ашық реакциясы

Желі қолданушылары қазақ тілі сөз болған бұл даулы жазбадан кейін үнсіз қалмаған.

"Ана тілін құрметтеуге шақырғандарды "Қазақшасөйлешники" деп кемітетін қазақ блогер бар екен. Англияда тұрмаса да ағылшын тілін санаулы уақытта үйреніпті. Бірақ Қазақстанда туып-өссе де 30 жылда ана тілін меңгермегеніне таң қалам", - деп жазды журналист Ғалымжан Қараманұлы.

"Қазақшасөйлешники" деген терминді болыппыз. Бәлкім қазақша сөйлеуді талап ететіндер "русскоязычная среда" өкілдеріне ыңғайсыздық тудырып жүрген болармыз", - деп жазды танымал продюсер Айсәуле Әбілда.

"Қазақша сөйле дегеннен сонша шошып, оны бір құбыжық қылып көрсетесіз", "Қанша ақталсаңыз да "қазақшасөйлешники" деп кемсіткеніңіз дұрыс болмапты", "Қазақты кемсітпе, қазақ бала", - деді өзге де желі қолданушылары.

Сонымен қатар, Польша елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда қазақ тілінде еркін сөйлейтіні туралы жазған едік. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар