Польша елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда өзін "қазақшасөйлешникпін" деп атап, видео жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл оның елімізде белгілі заңгер Ержан Есімхановқа жауабы ретінде көрінді.
"Иә, мен қазақшасөйлешникпін - көбінде қазақша сөйлесіп жүрмін және менімен қазақша сөйлессең, риза боламын", – деді Польша елшісі парақшасында.
Айта кетейік
Михал Лабенда - Польшаның тәжірибелі дипломаты және шығыстанушысы, қазақ тілі мен мәдениетіне терең қызығушылық танытқан тұлға.
Лабенда қазақ тіліне деген қызығушылығын 1993 жылы Алматыға келген кезде бастады. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) дайындық бөлімінде қазақ тілін үйреніп, кейін университеттің шығыстану факультетінде білім алды. 1999 жылы «Востоковедение» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, дипломдық жұмысын «Араб тілінен қазақ тіліне күрделі бағыныңқы сөйлемдерді аудару үлгілері» тақырыбында қорғады.
Михал Лабенда қазақ тілін еркін меңгерген. Ол қазақ тілінде лекциялар оқып, ресми іс-шараларда сөйлейді. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Польшаның Еуропалық Одақтағы 20 жылдығы» тақырыбында қазақ тілінде дәріс оқыды. Ол қазақ тілінің бай сөздік қоры мен идиомаларын жоғары бағалап, тілді үйрену арқылы халықтың болмысын терең түсінуге болатынын атап өтті.
Еске салайық, әлеуметтік желіде танымал заңгер Ержан Есімхановтың қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты жазбасы қызу талқыға түскен болатын. Threads-тегі жазбадан кейін қалың көпшілік ашық пікір білдіріп, наразылығын көрсетті.
Желідегі мына жазбадан кейін дау шықты:
Заңгер көне тілдердегі мәтіндерді қалпына келтіріп, ерекше контент жасайтын Arum Natzorkhang есімді блогер туралы айта келіп, сөз арасында "бұл қазақшасөйлешниктерге қайдан жетсін?" дегендей мысқылдаған.
Халықтың ашық реакциясы
Желі қолданушылары қазақ тілі сөз болған бұл даулы жазбадан кейін үнсіз қалмаған.
"Ана тілін құрметтеуге шақырғандарды "Қазақшасөйлешники" деп кемітетін қазақ блогер бар екен. Англияда тұрмаса да ағылшын тілін санаулы уақытта үйреніпті. Бірақ Қазақстанда туып-өссе де 30 жылда ана тілін меңгермегеніне таң қалам", - деп жазды журналист Ғалымжан Қараманұлы.
"Қазақшасөйлешники" деген терминді болыппыз. Бәлкім қазақша сөйлеуді талап ететіндер "русскоязычная среда" өкілдеріне ыңғайсыздық тудырып жүрген болармыз", - деп жазды танымал продюсер Айсәуле Әбілда.
"Қазақша сөйле дегеннен сонша шошып, оны бір құбыжық қылып көрсетесіз", "Қанша ақталсаңыз да "қазақшасөйлешники" деп кемсіткеніңіз дұрыс болмапты", "Қазақты кемсітпе, қазақ бала", - деді өзге де желі қолданушылары.