Ауқымды заңбұзушылықтар әшкереленді: Тоқаев ғылым саласындағы мәселелерді атады

Сағыныш Сардарова 19 нау. 2026 18:00

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды.

"Мемлекет кейінгі алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден аса, тіпті бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, ғылым мен жемқорлық - бір біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс.
"Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. "Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды" деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет осы мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет", – деді Президент.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove