Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Үкіметте Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте қор жұмысының жаңа тетіктері қаралып, қаржы айналымына толық бақылау енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді қор тек медициналық қызметтерге ақы төлеп қоймай, қаржының жоспарлануынан бастап нақты жұмсалуына дейінгі барлық процесті бақылауға алады.
Негізгі назар қаржы ағындарының ашықтығына аударылады. Қазіргі таңда жүйеде жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге айналады. Алайда оның бір бөлігі жалған есептер, қайталанатын қызметтер және тиімсіз шығындар арқылы «жоғалып» отыр.
Осы мәселені шешу үшін цифрлық антифрод жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе артық жазылған қызметтерді, негізсіз госпитализацияларды және күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтайды.
Сонымен қатар, дәрі-дәрмек сатып алу процесін цифрлық теңге арқылы жүргізу жоспарлануда. Бұл әрбір қаржылық операцияның толық қадағалануына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Qalqan атты жаңа цифрлық платформа іске қосылады. Ол арқылы нақты бір науқастың ем алу барысынан бастап, медициналық ұйымдардың шығындарына дейінгі барлық ақпарат қолжетімді болады.
Пациенттер үшін де бақылау күшейтіледі. Дәрігер қабылдауында QR-код арқылы көрсетілген қызметке бірден шағым қалдыру мүмкіндігі пайда болады.
Жаңа талаптарға сәйкес, барлық медициналық ұйымдар 15 сәуірге дейін жаңартылған жүйеге толық көшуі тиіс.
