Әлеуметтік желіде танымал заңгер Ержан Есімхановтың қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты жазбасы қызу талқыға түсіп жатыр. Threads-тегі жазбадан кейін қалың көпшілік ашық пікір білдіріп, наразылығын көрсетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Даудың басы қайдан шықты?
Желідегі мына жазбадан кейін дау шықты:
Заңгер көне тілдердегі мәтіндерді қалпына келтіріп, ерекше контент жасайтын Arum Natzorkhang есімді блогер туралы айта келіп, сөз арасында "бұл қазақшасөйлешниктерге қайдан жетсін?" дегендей мысқылдаған.
Халықтың ашық реакциясы
Желі қолданушылары қазақ тілі сөз болған бұл даулы жазбадан кейін үнсіз қалмаған.
"Ана тілін құрметтеуге шақырғандарды "Қазақшасөйлешники" деп кемітетін қазақ блогер бар екен. Англияда тұрмаса да ағылшын тілін санаулы уақытта үйреніпті. Бірақ Қазақстанда туып-өссе де 30 жылда ана тілін меңгермегеніне таң қалам", - деп жазды журналист Ғалымжан Қараманұлы.
"Қазақшасөйлешники" деген терминді болыппыз. Бәлкім қазақша сөйлеуді талап ететіндер "русскоязычная среда" өкілдеріне ыңғайсыздық тудырып жүрген болармыз", - деп жазды танымал продюсер Айсәуле Әбілда.
"Қазақша сөйле дегеннен сонша шошып, оны бір құбыжық қылып көрсетесіз", "Қанша ақталсаңыз да "қазақшасөйлешники" деп кемсіткеніңіз дұрыс болмапты", "Қазақты кемсітпе, қазақ бала", - деді өзге де желі қолданушылары.
Заңгердің жауабы
Халық тарапынан айтылған сын-пікірлерден кейін заңгердің өзі жауап берді. Оның сөзінше, бұған дейін айтқан тіркесі сәтсіз болған.
"Бірақ мен бір нәрсені айтқым келген. Қазақ тілін насихаттаудың екі жолы бар: бірі – сабырмен, достықпен үйренуге шақыру, көмектесу. Екіншісі – тіл білмейтіндерді қорлау, айқайлап "Қазақша сөйле!" деу. Мен соңғысына қарсы болдым", – деді ол.
Ал желіде жариялаған екінші жазбасында Ержан Есімханов бұл даудан кейін нақты нәтиже шығарғысы келетінін айтып, бірнеше ұсыныс жасаған.
Біріншіден, ол жыл соңына дейін қазақ тілін жетік меңгеріп, алғашқы жазбасын таза қазақ тілінде жазатынын айтты. Сондай-ақ, қазақша сөйлейтін бейнежазба жариялауға уәде берді. Екіншіден, ол репетиторлар мен пайдалы қазақша курстар, қосымшалар немесе подкастар туралы ұсыныстарды пікірге қалдыруды сұрады. Бұл тек өзіне емес, басқа да тіл үйренгісі келетіндерге пайдалы болатынын мәлімдеді.
Бұған дейінгі дау
Кейінгі кезде қоғамда қазақ тілінің мәртебесіне қатысты кез келген тақырып қызу талқыға түседі. Халық жуырда ғана болған Magnum дауын да ұмытқан жоқ.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьері жұмыстан шығарылуы үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьер клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болды.
Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған болатын. Алайда кейінірек курьер мен тапсырыс берушінің видеосы тарады. Олар ортақ келісімге келгенін мәлімдеді.