Батыс Қазақстан облысында 11 жастағы балада сирек әрі аса қауіпті дерт – подострлы склероздаушы панэнцефалит тіркелді, деп хабарлайды Dala News.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Губайдуллинаның айтуынша, бала 9 айында қызылшамен ауырған. Алайда аурудың салдары 10 жылдан кейін ғана байқалған.
Бұл дерт орталық жүйке жүйесін зақымдап, ауыр неврологиялық бұзылыстарға әкеледі. Мамандардың мәліметінше, ол қызылшадан кейін 5–10 жыл өткен соң дамуы мүмкін.
Аурудың салдары өте ауыр: ақыл-ой қабілетінің төмендеуі, мүгедектік және өлім қаупі жоғары.
Қазір өңірдегі жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен ауырған науқастарға арналған 60 орын бар. Оның 34-інде науқастар ем қабылдап жатыр, оның 28-і – балалар.
«Қауіп тобына бір жасқа дейінгі балалар, екпе алмаған азаматтар және жүкті әйелдер кіреді. Вакцинация – мұндай асқынулардан қорғайтын жалғыз тиімді әдіс», – деді Айнаш Губайдуллина.
Айта кетейік, 2026 жылдың ақпан айынан бері БҚО-да қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр.
