Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптаудан өткізу барысында сараптама мерзімдерінің негізсіз созылуы мен таңдамалы тәсілдердің орын алуына қатысты бірқатар өткір сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Жоғарғы аудиторлық палатаның есебінде фармацевтикалық нарықтағы жоғары импортқа тәуелділік денсаулық сақтау жүйесі мен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретіні нақты көрсетілген. Депутат дәл осы мәселеге назар аудара отырып, сараптама жүргізу мерзімдерінің шектен тыс ұзарып кеткеніне тоқталды.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша өтініштердің 98 пайызы белгіленген мерзімнен асып қаралған. Орташа мерзімі – 334 күн. Кейбір жағдайларда сараптама 970 күнге дейін созылған. Бұл – үш жылға жуық уақыт. Ал бір өтінішке 1275 күн жұмсалса, енді біріне небәрі 25 күн кеткен. Мұндай айырмашылық қалай орын алды? Бұл жемқорлық емес пе? Мұндай тәсілге жол берген қызметкерлерге қандай шара қолдандыңыздар? Алдағы уақытта мұндайды болдырмау үшін не істейсіздер?", – деп сауал қойды Зайытов.
Оның сұрағына Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Шәкірұлы жауап берді. Ол бұрынғы жүйеде адам факторының ықпалы жоғары болғанын және сараптама мерзімдерін таңдамалы түрде қысқарту мүмкіндігі болғанын мойындады.
"Бұған үкіметтің арнайы қаулысы негізінде енгізілген "композиттік қызмет" шешім бола алады. Қазір бұл қызмет пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Жүйе толық цифрланып, өтініштер "бір терезе" қағидаты бойынша қабылданады. Сарапшы мен өтініш беруші арасындағы тікелей байланыс алынып тасталады. Регистрациялық куәлік беру мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқарады", – деді ол.
Алайда Ринат Зайытов министрлік өкілінің жауабына толық қанағаттанбады. Ол нақты фактілер бойынша не себепті кейбір өтініштерге ерекше көзқарас танытылғанын, мұның жемқорлық сипаты бар-жоғын және жауапты тұлғаларға қандай шара қолданылғанын сұрап, қайта нақтылауға мәжбүр болды.
Өз кезегінде вице-министр Ержан Шәкірұлы:
"Сараптаманы тағайындау мерзіміндегі әділетсіздіктің себебі – процестің ашық еместігі, сарапшының өтініш берушімен тікелей байланысы және сараптама жүйесінің цифрланбағаны. Қазір бұл мәселелер жойылуда. Ал нақты жауапкершілікке тартылған тұлғалар туралы ақпаратты жазбаша түрде ұсынуға рұқсат етіңіздер", – деп түйіндеді.
Бұл мәселе дәрі-дәрмек айналымындағы ашықтық пен әділдікке қатысты қоғамның сенімі мен мемлекеттік бақылаудың маңызын тағы бір рет алға тартты.