Смайылов депутаттар алдында дәрі-дәрмек саласын сынға алды

Сағыныш Сардарова 04 мау. 2025 15:12

Мәжілісте халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аудит нәтижелерін Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов депутаттар алдында баяндады.

2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар өзекті мәселелер мен кемшіліктер анықталған. Олар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейін барлық деңгейде кездеседі.

Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңге болса, оның 84%-ы – шетелдік өнім.

2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған.

"Ғылыми зерттеулердің нәтижесі өте төмен. Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген", – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін  ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беріп отыр. Соңғы үш жылда осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жетті. 

"Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқарып барады", – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға мүмкіндік жасайды.  Мәселен, 2024 жылы жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді.

"Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату қаупін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда 2 есе жоғары бағамен сатылған. Мұндай схемалар импортты алмастыру саясатының мәнін бұрмалап қана қоймай, мемлекетке тікелей залал келтіреді", – деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Бұл тиісті бақылау болмаған жағдайда нарыққа сапасыз өнімдердің түсу ықтималдығын арттырады. Мысалы, компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған. 

Жалпы екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

"Аудит нәтижелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетеді. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отырады", деп қорытындылады Әлихан Смайылов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар