Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны Әсем Абдуәлиева Мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдап, жұбайына қатысты іске араша түсуін сұрады. Оның айтуынша, даудың басында бұрынғы полиция қызметкері тұр. Дәл осы жайт тергеудің “біржақты” сипат алуына себеп болған. Үш баланың анасы оқиғаның бұрмаланғанын, маңызды айғақтардың ескерусіз қалғанын және күйеуіне негізсіз қысым жасалып жатқанын алға тартты. Оқиғаның мән-жайын білу үшін Dalanews.kz редакциясы жәбірленуші тараппен тілдесіп, даулы істің егжей-тегжейін сұрап білді.
Оқиға қалай басталған?
Әсемнің сөзінше, оқиға 2025 жылы 13 тамызда тұрғын үй ауласында болған. Сол күні жұбайы 11 жастағы ұлы мен екі жасар қызын балабақшадан алып, үйге қайтып келе жатқан. Үшеуі көліктен түсіп, подъезге қарай беттеген сәтте, оң жақтан жоғары жылдамдықпен келген көлік оларды қағып кете жаздаған.
“Жүргізуші тежегішін әрең басып үлгерген. Сол кезде көлік айнасы жолдасымның қолына тиіп кеткен. Осы сәтте күйеуім оған ескерту жасаған”, - дейді Абдуәлиева.
Алайда қарапайым ескертудің соңы үлкен дауға ұласқан.
Әсемнің айтуынша, жүргізуші агрессия танытып, көлігінен түсіп, балалардың жылап жатқанына қарамастан жанжал шығарған.
Жолдасы кішкентай қызын көтеріп, үйге қарай кетпек болғанда, қарсы тарап оны иығынан тартып, “көлікке отыр, сөйлесейік” деп күштеп тоқтатқан. Кейін олар көрші ауланың шетінде сөзге келіп, жағдай ушығып кеткен.
“Сол жерде әлгі адам жолдасымды бірнеше рет тепкен. Соның салдарынан қолының саусағы сынған”, – дейді әйел.
Әсем өзі де араша түсуге шыққанын айтады. Бірақ қарсы тарап оны итеріп, “Сен дұрыс адамға тап болған жоқсың, саған көрсетемін!” деп қорқытқан.
“Тіпті, сол кезде ол әлдекімге қоңырау шалып, “мені ұрып кетті” деп жолдасыма жала жапты”, – дейді Әсем.
Жәбірленуші тараптың арызы қабылданбаған
Оқиғадан кейін отбасы полицияға бірден хабарласа алмаған. Себебі олар үлкен баласының көзін тексерту үшін медициналық орталыққа асыққан.
Сол аралықта қарсы тарап бірінші болып полицияға арыз түсірген. Кейін белгілі болғандай, ол бұрын Іле аудандық полициясында учаскелік қызмет атқарған.
Келесі күні Әсемнің жұбайы да арыз жазған. Алайда әйелдің айтуынша, оның өз арызы мүлде тіркелмеген.
“Менің арызымды тіркемеді, талон да бермеді. Ал жолдасымның арызы бойынша ешқандай заңды жауап болмады”, – дейді ол.
Тергеу амалдары қалай жүргізілген?
Абдуәлиеваның сөзінше, жолдасы тергеушілерден бірнеше рет камера жазбалары мен куәгерлерден жауап алуларын сұраған. Бірақ аталған деректер тексерілмеген.
“Бұл күндіз болған жағдай. Куәгерлер жетіп артылады. Бірақ ешкімнен ештеңе сұрамады, камераны да қарамады”, – дейді Әсем.
Соған қарамастан, іс бойынша оның жұбайына қатысты бап ауырлатылып, Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігінен 2-бөлігіне ауыстырылған.
Әсем Абдуәлиева тергеу тек қарсы тараптың шағымы негізінде жүргізіліп жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, осы уақыт ішінде төртінші тергеуші ауысқан.
“Әр тергеуші келген сайын жолдасымды шақырып, қысым жасайды. Кінәңді мойында, кешірім сұра, ақша бер, арызын қайтарып алсын деп айтады”, – дейді ол.
Ал қарсы тарап болса, одан да ауыр талаптар қойған.
“Әке-шешеңмен, бала-шағаңмен келіп, аяғыма жығылып кешірім сұраңдар деді. Одан бөлек, адвокаттарға кеткен шығынды өтеу үшін 1 миллион теңге талап етті”, – дейді Әсем.
Қысым мен қорқыту
2026 жылғы ақпан айында болған жағдайлар бұл істегі қысымды одан әрі күшейткен.
Әсемнің айтуынша, тергеуші жолдасын “қамап қоямын” деп қорқытқан. Жолдасы “неге?” деп сұрағанда, ол “бәрін кейін анықтаймыз” деп жауап берген.
Ал беттестіру кезінде қарсы тарап ашық түрде: “Саған көрсетемін деп айттым ғой. Мен айыппұл төлей саламын, ал сен түрмеге отырасың!” деген.
Сонымен қатар жолдасына “кінәні жартылай мойында” деген қысым жасалған.
Прокуратураның жауабы қандай?
Отбасы бұл мәселе бойынша Іле аудандық прокуратурасына да жүгінген. Алайда олардың айтуынша, нақты нәтиже болмаған.
“Е-өтініш арқылы шағымдандық. Бірақ тек жалпылама жауап алдық. Мәселе шешілген жоқ”, – дейді Әсем.
Отбасының қазіргі жағдайы
Айтуынша, ұзаққа созылған тергеу мен қысым жұбайының психологиялық жағдайына да әсер еткен.
“Жолдасым күйзеліске түсті. Ұйқысы бұзылды, өмірге деген қызығушылығы жоғалды. Кейде “шаршадым, өмір сүргім келмейді” деп айтады”, – дейді ол.
Жұбайы – үш баланың әкесі. Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедек анасы мен қарт әкесіне қарайласып отырған жалғыз асыраушы екен.
“Ертең қамап тастаса, анама топырақ сала алмай қаламын деп уайымдайды”, – дейді Әсем.
Әділдік талап етемін
Осыған байланысты Әсем Абдуалиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр. Ол құзырлы органдарға істі жан-жақты әрі объективті тексеруді тапсыруды, тергеу барысында заңдылық пен бейтараптықтың сақталуын қамтамасыз етуді талап етті.
“Заң бәріне бірдей болуы керек”, — деп түйіндеді ол.
