Астанада Екатерина Биволға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Newtimes.kz басылымына сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, Астана қаласының Полиция департаменті Екатерина Биволға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Аталған бап әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру фактілеріне қатысты қолданылады.
Заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша айыппұл салудан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық,бұған дейін, қазан айында Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған және оны экстрадициялау мәселесі көтерілетінін хабарлаған болатын. Кейін оған іздеу салынған.
Оған ұқсас қылмыстық іс Қырғызстанда да тіркелген. Онда Екатерина Бивол ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен жауапқа тартылған.
Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты Екатерина Биволды әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 60 сағат міндетті қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
