Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Еуразия аймағында бірыңғай көлік желісін құру идеясын ілгерілетуде. Банктің 2024 жылғы есебіне сәйкес, көлік дәліздерін Батыс – Шығыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарында біріктіру үлкен экономикалық нәтиже береді. Бұл жүйенің негізгі элементі инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Инфрақұрылымның даму барысын бағалау үшін банк Еуразиялық көлік каркасының (ЕТК) Обсерваториясын құрды. Бұл платформа көлік дәліздері бойындағы жобалардың дерекқорын және олардың орналасқан жерін көрсететін геоақпараттық жүйені қамтиды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Еуразия елдеріне тиімді әрі арзан көлік байланыстары керек. Әсіресе, Солтүстік – Оңтүстік бағыты бойынша көлік байланысын жақсарту Оңтүстік Азия мен Парсы шығанағы елдерімен сауданы жандандырады. Еуразиялық көлік каркасының Обсерваториясы Еуразияның көлік байланысын арттырудағы инвестициялық қажеттіліктерді бағалау мен жоспарларды үйлестіруге арналған тиімді аналитикалық құрал болмақ. Ол көлік саласындағы жағдайды бақылап қана қоймай, аймақ елдері мен халықаралық қаржы институттарының жобаларды жүзеге асырудағы бірлескен әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік береді", – дейді ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары, бас экономист Евгений Винокуров.
Обсерватория қамтитын 13 ел қатарында Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Грузия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан да бар. Жобалар туралы деректер ашық көздерден, яғни ұлттық және халықаралық көлік даму бағдарламаларынан, баспасөз хабарламаларынан, сараптамалық бағалаулардан алынады. Обсерваторияда жобалардың атауы, сипаттамасы, жүзеге асырылатын елі, көлік дәлізі, көлік түрі, инвестиция көлемі, қаржыландыру көздері, іске асыру мерзімі, қазіргі мәртебесі және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) белгілері туралы толық ақпарат беріледі.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Обсерваторияда жалпы сомасы 234 млрд доллар болатын Еуразиялық көлік каркасының (ЕТК) 325 жобасы тіркелген. Жобалардың 51%-дан астамы автожол саласына тиесілі. Елдер бөлінісінде ең ірі 10 жобаның жетеуі Ресейде жүзеге асуда. Осыған байланысты Солтүстік еуразиялық дәлізді дамыту ең көп капитал жұмсалатын бағыт болып отыр. Бұл мақсатқа шамамен 78 млрд доллар қажет, ол жалпы инвестицияның үштен бірінен асады.
Жалпы Еуразиялық аймақтағы жобалардың 60%-дан астамы іске асырылу барысында. 13%-ы жобалық құжат әзірлеу сатысында болса, 27%-ы талқылану немесе жоспарлау кезеңінде.
Орталық Азия елдеріне бағытталған инвестицияның көлемі жалпы ЕТК инвестицияларының 22%-ын құрайды. Қазіргі кезде өңірде жалпы сомасы 53 млрд долларға жуықтайтын 90 жоба жоспарланып немесе жүзеге асырылып жатыр. Бұл соманың шамамен 44%-ы Қазақстанның жобаларына тиесілі.
Құжатта Орталық Азиядағы инвестициялардың үштен екі бөлігі магистральды автожолдар желісін дамытуға бағытталғаны айтылған. Бұл өңірдегі сауда мен халықаралық тасымалдардың артуы үшін сапалы автокөлік инфрақұрылымына деген жоғары сұранысты көрсетеді.
Орталық Азиядағы ең ірі 10 жоба өңірдегі инвестицияның 58%-ын құрайды. Олардың ішінде Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол магистралі, Өзбекстандағы Ташкент – Әндіжан автомагистралі, Қазақстандағы "Орталық – Батыс" жылдамдық автомагистралі, Түркіменстандағы Ашхабад – Түркіменабад және Серахс – Мары – Серхетабат автомагистральдары секілді ірі жобалар бар.
Құжатта инвестициялық мүмкіндіктер шектеулі жағдайда жобаларды басымдық бойынша іріктеу маңызды екені атап өтілген. Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия және Армения сынды бес елде көлік дәліздерін дамытуға жұмсалатын шығындар олардың ЖІӨ-мен салыстырғанда да едәуір жоғары болып отыр.
Осыған байланысты халықаралық даму банктері мен басқа да қаржы институттары басым жобаларды анықтауға және қаржыландыруға техникалық қолдау көрсете алады. Бұл, әсіресе теңізге шыға алмайтын, таулы елдер мен даму жағдайлары ерекше мемлекеттер үшін аса маңызды.
"ЕТК дамуының 325 жобасының 113-іне жеке бизнес қатысуы қарастырылған (олардың жартысы – логистика мен қойма саласында). 17 жоба МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылуда немесе асырылуы мүмкін. Оның ішінде кемінде екі жоба трансшекаралық МЖӘ қағидатымен іске аспақ. Олар – Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол дәлізі мен Транс-Ауған теміржол дәлізі. Халықаралық даму банктері мен жеке инвесторлар үшін тартымды жобалардың санын арттыру өңірдегі көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағытына айналуда", делінген құжатта.
Бұған дейін Мемлекет басшысының Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйлегенін жазғанбыз. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз Орта дәліз және "Солтүстік – Оңтүстік" бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – темір жолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді. Біз сондай-ақ цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астана қаласында AlemAI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Серіктестерімізді қатарымызға қосылуға шақырамыз", – деді.