Дүниежүзілік көшпенділер ойындары даумен аяқталды: Қазақстанның үш медалі неге есепке алынбады?

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары даумен аяқталды: Қазақстанның үш медалі неге есепке алынбады?
Фото: ЖИ

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталғаннан кейін жалпы медаль есебіне қатысты дау туды. Қазақстан тарапы ұлттық құраманың 32 алтын медаль жеңіп, бірінші орын алғанын мәлімдеді. Ал ұйымдастырушылар басқа есеп ұсынып, Қырғызстанды көш басына шығарды. Кейін даулы кестелер өшіріліп, "ойындарда ресми медаль есебі жүргізілмейді" деген түсініктеме берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан 32 алтын алғанын мәлімдеді

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алған. Жалпы жүлде саны - 74. Осы есеп бойынша Қазақстан бірінші, 30 алтын иеленген Қырғызстан екінші, жеті алтын алған Ресей үшінші орынға шыққан.

Министрлік бұл мәліметтің барлық жарыс нәтижесі қайта тексерілгеннен кейін жарияланғанын хабарлады. Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жүлде алды.

Ұйымдастырушылар Қазақстанды екінші орынға қойды

Алайда Ойындарды ұйымдастырушылардың есебінде Қазақстанның көрсеткіші төмен болды. Қырғызстанның мемлекеттік спорт агенттігі қорытынды баспасөз мәслихатында Қырғызстанның 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медаль алғанын хабарлады. Ал Қазақстанға 29 алтын, 16 күміс және 19 қола медаль жазылды.

Бұл кестеде Қырғызстан бірінші, Қазақстан екінші орынға қойылған. Ресей құрамасы жеті алтын медальмен үшінші орынға тұрақтаған.

Айырма үш алтынмен шектелмейді

Екі тараптың мәліметін салыстырғанда, айырмашылық тек үш алтын медальға қатысты емес екені байқалады. Қазақстан министрлігі ұлттық құрамада 74 медаль бар десе, ұйымдастырушылар 64 жүлдені ғана есептеген.

Яғни ұйымдастырушылар ұсынған нұсқада Қазақстанның үш алтын, төрт күміс және үш қола медалі жоқ. Жалпы айырма - он медаль. Алайда нақты қандай жүлделердің есепке алынбағаны және оған қандай себеп болғаны ресми түрде түсіндірілген жоқ.

Даулы кестелер өшірілді

Қырғызстанды бірінші орынға шығарған қорытынды кесте World Nomad Games 2026 жарысының ресми Instagram парақшасында жарияланды. Әлеуметтік желі қолданушылары есепке күмән келтіріп, Қазақстанның жүлделері толық көрсетілмегенін жаза бастады.

Осыдан кейін ұйымдастырушылар жазбаны өшірді. Біраз уақыттан соң кесте қайта жарияланып, кейін тағы да алынып тасталды. Ойындардың ресми сайтындағы жиынтық есеп те қолжетімсіз болып қалды.

Алдымен ұйымдастырушылар қорытынды медаль кестесі Ойындар хатшылығының мәліметі тексерілгеннен кейін жарияланатынын хабарлаған. Алайда кейін Қырғызстан тарапы мүлде басқа түсініктеме берді.

"Медаль есебі жүргізілмейді" деген мәлімдеме жасалды

Даудан кейін Қырғызстанның мемлекеттік спорт агенттігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мемлекеттер арасында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Ведомство өкілдері Ойындардың негізгі мақсаты елдерді рейтинг үшін жарыстыру емес, этноспортты дамыту, мәдени мұраны насихаттау және халықтар арасындағы достықты нығайту екенін айтты. Жарыс нәтижелері әр спорт түрі бойынша жеке тіркелгенімен, мемлекеттердің жалпы рейтингі жасалмайтыны түсіндірілді.

Алайда бұл мәлімдеме ұйымдастырушылардың бұған дейінгі әрекетіне қайшы келеді. Себебі жарыс барысында да, қорытынды баспасөз мәслихатында да елдердің медаль саны есептеліп, олардың орындары жарияланып отырған. Қырғызстанның ресми ақпарат агенттігі де жарыстың алғашқы күндерінен бастап медаль кестесін таратқан.

Үш алтын тоғызқұмалақтан түсуі мүмкін

Желі қолданушылары Қазақстанның есепке алынбаған үш алтын медалі тоғызқұмалақ жарысына қатысты болуы мүмкін екенін жазды.

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың тоғызқұмалақтан төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алғанын хабарлады. Қырғызстанның спорт агенттігі кейін жариялаған нәтижелер де Қазақстанның төрт санатта бірінші болғанын растайды.

Әйелдер арасындағы жекелей сында Мөлдір Серікқызы, ерлер арасында Ерасыл Дуталипов жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Қазақстан әйелдер және ерлер арасындағы командалық есепте де бірінші орын алды.

Осыған байланысты үш алтынға қатысты айырмашылық тоғызқұмалақтағы жеке және командалық нәтижелерді әртүрлі санаудан туындауы мүмкін. Дегенмен бұл әзірге болжам ғана. Ұйымдастырушылар нақты қай үш алтынның есепке алынбағанын ресми түрде айтқан жоқ.

Жаттықтырушы не дейді?

Тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаеваның айтуынша, жарыста ресми марапаттау рәсімі өтіп, жеңімпаздарға медальдар табысталған. Қазақстан құрамасы жарыстың соңғы кезеңінде тоғызқұмалақтан төрт, мангаладан екі алтын жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Қырғызстаннан алға шыққан.

Алайда кейін ұйымдастырушылар жариялаған қорытынды кестеде Қазақстанның үш алтын медалі есепке алынбай, ел құрамасының көрсеткіші 32-ден 29 алтынға дейін азайтылған.

"Ресми марапаттау болды. Ресми турнирлік кестеде барлық орын көрсетіліп, спортшылардың мойнына медальдар тағылды. Біз алты алтын алдық: төртеуін тоғызқұмалақтан, екеуін мангаладан жеңіп алдық. Сөйтіп, ресми командалық есепте олардан озып кеттік. Бірақ кейін біздің жекелей сында алған үш алтынымызды есептен алып тастап, өздерінің кестесінде Қазақстанның медаль санын 29 деп көрсетті. Ал біздің есебіміз бойынша 32 алтын. Шу осыдан шықты", - деді Айнұр Жақапбаева.

Жалпы медаль саны неліктен сәйкес келмейді?

Медаль санының әртүрлі шығуына командалық жарыстарды есептеу тәртібі себеп болуы мүмкін. Мәселен, бір тарап команданың әр мүшесіне берілген медальды жеке санаса, екінші тарап бүкіл команданың жеңісін бір медаль ретінде есептеуі мүмкін.

Сонымен қатар кейбір сайыстар Ойындардың негізгі медаль бағдарламасына енгізілмеген немесе соңғы күннің нәтижелері қорытынды кестеге уақытында қосылмаған болуы ықтимал.

Алайда мұндай нұсқалардың ешқайсысы ресми түрде расталмады. Ұйымдастырушылар қандай спорт түрлері жалпы есепке кіргенін және командалық жүлделердің қалай саналғанын ашық түсіндірген жоқ.