Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылды қорытындылай келе, қылмыскерлер өз кірістерін заңдастыру үшін жеке тұлғаларды белсенді түрде пайдаланғанын нақтылайды. Мәселен,6,2 мың "дроп карталар" арқылы жылыстатылған қылмыстық ақша айналымы 24 млрд теңгені құрады. Ал "дроптарға" еліміздің осал топтары өкілдері тартылған, деп жазады Dalanews.kz.
Бұл арада мына екі сөзге түсініктеме бере кетелік:
- Дроптар – бұл банктік карталар мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданылатын жалған тұлғалар.
- Интернет-банкингке қашықтан қол жеткізу мақсатында кәсіби жылыстаушылар үшінші тұлғаларға тіркелген байланыс операторларының SIM карталарын пайдаланған.
Көбінесе "дроп-карталар" есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерге байланысты схемаларда қолданылады.
"Іс жүзінде "дроптар" деп аталатындар халықтың осал топтарына жататын адамдар болды (жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер және басқалар), олар қылмыстық схемалардағы рөлдерінің барлық салдарын түсінбейді. Мұндай карталардың иелерінің 90%-дан астамы резидент емес тұлғалар болған. Олар туралы ақпарат шетелдік мемлекеттердің құқық қорғау органдарына берілді", делінген ҚМА хабарламасында.
Мұндай заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін Қаржылық мониторинг агенттігі уәкілетті органдармен бірлесіп келесі шараларды қабылдады:
- банктік карталарды үшінші тұлғаларға беру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер бастамашылық етілді;
- күдікті шоттардағы қаражатты "тоқтату" және қашықтықтан банктік қызмет көрсетуді өшіру механизмі енгізілді;
- бір клиентке берілетін банктік карталардың санын шектеу және 10 немесе одан да көп карталары бар клиенттерге тексерістер күшейтілді;
- күдікті операцияларды анықтау және күмәнді клиенттерді қаржы мониторингінің субъектілерінің қызметтерінен ажырату үшін типологиялар әзірленді.
ҚМА онлайн диалог арқылы бейтаныс азаматтар немесе компанияның өкілдері хабарласып, шотыңызға сыйақыға ақша аударып, еселеп оңай ақша табуды ұсынған жағдайда қырағылық танытып, өзіңізді қылмыстық схеманың мүшесі болудан сақтаңыз.