Допинг дауы: Әлімханұлын әлекке салған сынақтың қорытындысы қашан айтылатыны белгілі болды

Dalanews 16 жел. 2025 15:54

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков басы дауға қалған Жәнібек Әлімханұлының допинг-тест нәтижелері бойынша В сынамасын ашудың ресми күні мен уақыты белгіленгенін хабарлады. Бұл кезең процестік ашықтық пен спортшының құқықтарын сақтау тұрғысынан аса маңызды болып саналады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, әлемдік тәжірибеде В сынамасын талдау тек А сынамасының бастапқы деректерін растау немесе жоққа шығару қажеттілігі туындаған жағдайда ғана жүргізіледі. Процедура тәуелсіз аккредиттелген зертханада жүзеге асырылады және спортшы өкілдері мен мүдделі тараптардың қатысу мүмкіндігін қоса алғанда, барлық хаттамалар қатаң сақталады. Дәл осы тетік кез келген қателік пен бұрмалауды болдырмай, объективтіліктің басты кепілі болып табылады.

«Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы В сынамасын ашу күнінің белгіленуі ешқандай құқықбұзушылықты мойындау болып саналмайтынын және алдын ала қорытынды жасалмайтынын атап өтеді. Бұл - халықаралық антидопингтік нормаларда көзделген, нақты деректерді түпкілікті анықтауға бағытталған стандартты регламенттік қадам. Федерацияның ұстанымы бірізді әрі институционалдық сипатта: екі сынама бойынша ресми қорытынды алынғанға дейін кез келген жария мәлімдеме, болжам немесе бағалау пікірлеріне жол берілмейді. Адал спорт қағидаттары мен спортшылардың құқықтарын қорғау тек расталған деректерге ғана негізделуі тиіс, ақпараттық дабыраға емес», - деді ол.

Жағдайға қатысты түпкілікті ақпарат пен құқықтық баға барлық белгіленген рәсімдер аяқталып, уәкілетті антидопингтік органдардан ресми құжаттар алынғаннан кейін ұсынылады. Өз кезегінде Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы VADA ұйымынан А сынамасы бойынша ресми әрі толық жауап күтуде. 

Естеріңізде бұған дейін кәсіпқой бокс шебері Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына тап болып, оның маңызды жекпе-жегі өтпей қалған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар